Келелі кеңес өтті
Өткен аптада Құлан агротехникалық жоғары колледжінде аудандық Билер кеңесінің семинары өтті. Жиынға облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық соттың төрағасы Айдарбек Замбаев, облыстық «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков және облыстық, аудандық Билер кеңесінің мүшелері қатысты.
Семинар барысында спикерлер қазіргі таңдағы Билер кеңесінің жұмысы, медиация, билер институты жөнінде сөз қозғады. Ал аталмыш семинардың тізгіншісі болған облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов алғаш сөз алып, облыстық Билер кеңесінің жұмысы мен міндеттері турасында тоқталды.
– Бүгінде билер сотының элементтері ұлттық құндылықтар ретінде пайдаланылып жатыр. Бұл игі үрдіс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы негізгі мәселелермен астасып жатыр. Былтыр облыстағы Билер кеңестері 450 дау-дамайлық істерді шешуге мұрындық болды, ал оның ішінде сотқа дейінгі қаралған мәселелер саны – 120. Билер кеңесінің кәсіби біліктілігінің арқасында биыл бұл көрсеткіштер едәуір азайған. Аталмыш мәселелердің көпшілігі азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастан туындайды, – деді Оңласын Қарабайұлы.
Келесі болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтып берді. Әлібек Мамытжанұлы жалпы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталды. Оның сөзінше, биыл біршама өзгерістер мен жаңашылдықтардың куәсі боламыз. Соның бірі – осы жылы Көгершін мен Жаңатұрмыс ауылында 90 орындық мәдениет үйлері салынатын болады.
Бұдан кейін сөйлеген спикерлер де отбасылық дау-дамайлар мен татуласу мәселелері жөнінде өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, Билер кеңестерінің қоғамдағы рөлінің артуына аса мән берген семинарға қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстардың жандануы бойынша өз ұсыныстарын айтты.
А.ҚАМШЫБЕК.