Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Осыдан 2 жыл бұрын «Құлан таңы» газетіне Нұрай әпке Жайлаубай мектеп түлектеріне «Алтын белгі» төсбелгісін табыстау рәсімі туралы толымды мақала жазып еді. Сол мектеп түлектерінің қатарында мен де болдым. Жүрегіміздің дүрсілінен көңіл айнамыз шытынауға шақ қалған, үмітіміз көкке самғаған аттестаттау рәсіміндегі біздегі толқыныс пен таңырқауды дөп басқандай болды Нұрай. Келесі күні газет бетінде жарық көрген сол бір көрнекі мақаланы оқып, жай ғана жымиып қоя салғанбыз. Дөңгеленген дүниенің бір орнында тұрмайтынын сезбегендей күй кештік. Балаң мінез, ынтық көңілді иектеп кете бердік. Сол уақытта мақала авторының жан сарайына үңілмеппіз. Өмір алма-кезек екен.
Осы аптаның сейсенбісінде Нұрай айтқан, Нұрай жазған, Нұрай сезген сағыныш пен сезімді мен де бастан өткердім. Алтыннан белгі таққан ұл-қыздардың бойын билеген дірілді мен де сезіндім. Себебі, мен де 2 жыл бұрын осы іні-қарындастарым секілді мақсатымды шегендеп, үмітімді арқалап «Алтын белгі» төсбелгісін кеудеме таққан едім.
Биыл ауданымыз бойынша мектепті үздік бітірген 27 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Оның ішінде жылдағы көрсеткіш бойынша Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебі мен №1 мектеп-лицейінің білімде озық нәтиже көрсеткен 6 шәкірті алтыннан белгі тағынды.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен бұл шараға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп директорлары, мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Марапаттау рәсімі барысында барлық санитарлық талаптар сақталды. Аталмыш шараны аудан басшысы өзі ашып, оқушыларға өзінің жылы лебізін білдірді.
– Еліміздің баянды болашағы, кемел келешегі – білім мен өнерді серік еткен жастардың еншісі. Халқымызда «Білімдінің жүзік жарық» деген аталы сөз бар. Расында, білім – алыс жолда адастырмас нұсқаушың, айлы түнде жарға жықпас жолаушың. Бүгін біз ауданның білімді 27 түлегіне «Алтын белгі» төсбелгісін табыстағалы отырмыз. Бұл сіздердің мектеп қабырғасында жинаған білімдеріңіз бен алған тәрбиелеріңіздің нәтижесі. Алдағы уақытта да білім атты даңғыл жол сіздерді тек биік мақсат пен үлкен мұраттарға жетелесін, – деген Е.Садырқұлов мектеп түлектеріне «Алтын белгі» төсбелгісін табыстады.
Аудан әкімінің құттықтау сөзінен кейін №1 мектеп-лицейінің мұғалімі Сәуле Икрашева мінбеге шығып, алтын ұя мектепті артқа тастап, алысқа қанат қаққалы отырған оқушыларға өзінің ақжарма тілегін жеткізді. Мектеп мұғалімінің әрбір сөзінен сырлы сезім мен айнымас сағыныштың лебі сезілді.
Іс-шара барысында сөз кезегі «Алтын белгі» иегерлерінің көңіл кардиограммасындай толқыған тілектеріне де кезек келді. Алғаш болып Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушысы Ерасыл Бейсен сөз сөйлеп, адалдықпен алқалаған ардақты ұстаздарына алғысын жеткізді. Ахмет Байтұрсынұлының «Мектептің жаны – мұғалім» деген өсиетінің ақиқат екенін тағы бір мәрте айғақтады.
Ал Р.Смайлов атындағы орта мектептің «Алтын белгі» иегері Тұнық Гіміңтай сөз сөйлегенде, оның сыр мен сипатқа толы көңіл сандығына үңілгендей болдық.
– Менің осы жетістікке жетуіме себепкер болған ұстаздарыммен қатар ата-анамды да ерекше атап өткім келеді. Менің ата-анам сонау 1956 жылы аяулы атамекеніне оралған Қажытай Ілиясов, Қабдеш Жұмаділов бастаған ұлы көшті бағдар етіп, 2006 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Сондағы әке-шешемнің негізгі мақсаты – ұрпағының ел болашағына қызмет етіп, осы өлкенің ардақты ұланына айналдыру. Маған әкем үнемі: «Сендерді қазақ жеріне адал қызмет етсін деп әкелдік, сендердің маңдайларыңнан аққан әрбір тер осы жердің топырағына сіңсін деп едік, осы сайын даланың шеңгелі мен бұрқыраған шаңын да жат көрмесін дедік, ал енді осы үмітімізді ақтаңдар» дейтін. Әкемнің бұл өсиетін жерге қалдырмай, білім жолындағы бұл кішігірім жетістігім үлкен армандарға жетелеп, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етуге сенім білдіремін, – деп жүрек түкпіріндегі тілегін жеткізді Тұнық Гіміңтай.
Іс-шараның соңында барша аға-әпкелер алтыннан белгі тағынған жас өскіндерге өз батасын беріп, алдағы уақытта маңдайлары жарық, жолдары ашық, жанарлары жарқын болуын тіледі. Мектеп түлектеріне «Алтын белгі» табыстау рәсімінің соңы естелік суретке түсумен аяқталды.
Ахмет ҚАНАТҰЛЫ.