«ЖАН ЖЫЛУЫ» тағы да бір үй тарту етті

767 Views

Бұл жолғы үш бөлмелі тұрғын үйдің кілті туғаннан бері мүгедек Нұрасыл мен оның анасы Дария Төлендібаеваға бұйырды. Нұрасыл баламыз өздігінен жүре алмайды, содан бері анасының күтімінде, қоларбада отырады. Үкімет бұларға әлеуметтік қордан 92 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлейді. Он жылдан бері балалы ана Құландағы Медеулов көшесінде жалдамалы пәтерде тұрып келді. «Жан жылуы» қайырымдылық қорының жетекшісі Жәнібек Жалғасұлы Жүсіповты сөзге тартқанымызда ол: «Біздің қордың құрылғанына небәрі екі-ақ жыл болды. Соған қарамастан, былтыр осындай төрт жанұяға пәтер салып бердік. Қайырымды болу – әр адамның хақысы, ал мейірімділік – қорғансыз, үйсіз-күйсіз, мүгедек жандарға деген жан шуағы. Міне, сондықтан да, қордың атын «Жан жылуы» деп атадық. Қорға қаражат әлеуметтік желі арқылы байланысқан азаматтардан түседі. Біздің міндетіміз – сол қаражатты алаламай жағдайы жоқ шаңырақтардағы тұрмысы төмен адамдарға апта сайын азық-түлік, дәрі-дәрмек түрінде беру.

Кейбір кісілердің пәтерақысын төлеп, Луговой ауылындағы Жұлдызбек деген мүгедек балаға қоларба әперу де біздің комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмады. Осының барлығын комиссияға мүше бес ана тындырып отырады. Олардың арасында Галина қажы Майлыбайқызы, байырғы педагог Есенкүл Мұхтарова, Сапаркүл Нұржанова мен Зәмзәгүл Нұрматовалар бар. Осы жолы комиссия мүшелері Луговой ауылындағы Алатау көшесінен салынған жаңа үйдің кілтін Дария Төлендібаеваға беруді ұйғарды» – дейді Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» медалімен марапатталған қор жетекшісі Жәнібек Жүсіпов.
Үйдің кілтін тапсыру рәсіміне көше тұрғындары келіп қарасын көрсетіп тұрған соң аудан ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов жүрек жібітер жылы сөзін айтып, символикалық кілтті Дария Әсілқызының қолына табыс етті. Одан соң аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев сөз алып, жаңа қоныстың лентасын қиып тұрып жаңа үй иелеріне «құтты қоныс болсын» айтты.
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 игі іс-шара» және «Асарлатып үй салу» бастамалары мен «Жан жылуы» қайырымдылық қорының бірлесе істеген осынау шарасына әлбетте жастар қолдау көрсеткені айдан анық. Осы бастамаға ұйытқы бола білген Луговой ауылының әкімі Мұратбек Сванов иманы түзу, рухани адамгершілігі мол жастарды жеке-жеке атап, оларға өзінің алғысын айтты. Осындай қайырымы мен мейірім шуағы мол жастардың арасынан Дархан Омарұлының, Әсел Сәбитқызының, Нұрдәулет Бақытұлының, Асылбек Әлдибекұлының, Бақытжан Берікханұлының, Жандос Сағынбекұлының аттары аталып, оларға аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Наиб имам Қуаныш Түзелбекұлы айтқандай, шаңның тозаңындай жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да, оны Алла Тағала көреді екен. Ендеше қайырымдылық жасауға бейім болайық. Осынау рәсімде Есенкүл әпкей мен Галина қажы да көкейге қонымды, жүректі шымырлататын, санаға жарық құятын ғибратты сөздер айтты, Жәнібектің «Жан жылуы» әлі талай жанды қолтығынан демеп, көкірегіне қуат беретініне кәміл сенімін білдірді.
Сонымен, бесінші үйдің кілті қайырымды жандардың көмегімен баспанаға мұқтаж жандарға табыс етілді. Қор жыл соңына дейін тағы да бір осындай үй салып, тағы бір отбасын қуантқалы отырғанын да тілге тиек етті.

С.Қожеке,
Суретте: аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов жаңа баспананың кілтін Нұрасылдың анасы Дария Төлендібаеваға тапсырып тұр.

 

Поделиться ссылкой: