Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың сәуірінде халыққа жолдаған «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы әлі күнге дейін өзікті тақырыптардың қатарынан шет қалған жоқ. Бұл – аталмыш мақаланың ауқымды мәселелерді қозғағанын, қоғам арасында ерекше орын алғанын, шешімі түйіндеулі тұрған жәйттердің жауабын табуға бағытталғанын анық аңғартады. Елбасы аталмыш мақалада ұлттық сананың қайта жаңғыруын, бәсекелестік қабілеттің артуын, ұлттық бірегейліктің сақталуын, білімнің салтанат құруын, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуын, сананың ашық болуымен қатар, «Туған жерге туыңды тік», «Жаныңда жүр жақсы адам» жобаларының өз деңгейінде ұйымдастырылуын көздеді. Бағдарлама көздеген мақсатына жетті де. Соның нәтижесінде осы күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай талай іс тындырылып, көптеген жақсы адамдар үлгі ретінде елге таныстырылды.
Дәл сондай жаны жайсаң жандардың қатарына Қайыңды ауылындағы Райымбек Смаилов атындағы шағын орталықты орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Өміржан Кәрібаевты да қосуға болады. Неге десеңіз, ол бүгінгі ұрпақтың салауатты өмір салтына ерекше алаңдайтын жандардың бірі. Жақында біз кейіпкерімізбен дидарласқан едік. Сонда ол : «Күш атасына баланған Қажымұқан, кешегі Жақсылық ағамыз, Ақжүрек пен Елдос сынды бауырларымыз ауыл топырағында аунап, көк майса көгалында күресіп өскен жоқ па еді? Осыдан-ақ, ауылды жерлерден де нағыз таланттар шығатынын анық аңғаруға болады. Сондықтан да мен ауылдағы балаларға барынша жағдай жасауды көздеймін. Қазіргі таңда қолдан келгенше спортқа қажетті құрал-жабдықтарды да жасақтап жатырмыз. Жасырып қайтейін, кейде керек жабдықтарды өз қаражатыма алып, жарыс шығындарын өзім өтеп жатамын. Бірақ мұның бәрі ауыл балалары үшін жасалуда. Бұл бастамамыз ізін суытпай өз нәтижесін де беріп келеді» – деп, шәкірттерінің жеткен жетістіктерімен бөлісті. Расында Қайынды ауылы шалғайда жатса да аймақ бойынша бірнеше жетістіктерге жетіп келеді екен. Ендеше солардың бірсыпырасына тоқталып өтейін.
Өміржан Кәрібаев жетекшілік ететін команда жуырда аудандық жарыстардың бірінде баскетболдан бас жүлдені жеңіп алыпты. Бұл аз десеңіз, алдыңғы аптада «Ұлттық мектеп лигасы» ойынында жас ерекшеліктері бойынша баскетболдан өткен жарыста Өміржанның баулыған шәкірттері керемет жетістіктерге жетіпті. Анығын айтқанда, 9-11 сыныптардың ұлдар мен қыздар командасы екінші орынды иеленсе, 7-8 сыныптың ұлдары да, қыздары да бірінші орынды жеңіп алып, облыстық кезеңнің жолдамасын еншілепті. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері жекелей форматта да өнер көрсетіп, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Атап айтар болсақ, жуырда Президенттік сынама жарысында аталмыш мектептің оқушылары Нұржігіт Берік бірінші орын, Толғанай Аманжол екінші орынға ие болған. Ал облыстық сынға жолдама алған Нұржігіт онда аудан намысын абыроймен қорғап, жүлделі екінші орыннан көрінген. Міне, аз ғана уақыт аралығында Райымбек Смаилов атындағы орта мектептің оқушылары жеткен жетістік дәл осындай. Осы орайда оқушыларды баптап, жеңістерге жетелеп жүрген аталмыш мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Өміржан Кәрібаевтың ерен еңбегін ерекше атап өткіміз келеді.
Иә, ауылдастары арасында сый құрметке лайықты, әуелі өзінің емес, ауылының жайын ойлаған Өміржан Кәрібаев секілді жандарды үлгі етіп, басылым бетінде әлі де сөз қылатын боламыз. Өйткені олар жастар үлгі қылатын, жанымызда жүрген жақсы жандар.
Жәнібек СҰЛТАН.