Білім ап саяңда, өткердік сан жылды…

521 Views

«Қоштасар кез келді қиялдай барамыз,
Достарым сіздерді қия алмай барамыз» – деп ақын Бәкір Тәжібаев жырлағандай, мінеки, біздің де алтын ұя мектеппен қоштасар сәтіміз келді. Біздер осылайша балалықтың қимас сәттеріне «Қош» десіп, үлкен өмірге алғашқы қадамымызды бастық.
Түлектер үшін мәңгілік есте қалар ерекше күні жиналған қауымның бәрі тебіренді. Қимастық сезіммен қинала балалыққа қош деген түлектер, кеше ғана тәй-тәй басқан сәбиінің мектеп қабырғасынан таудай болып шыққанына жүрегі елжіреп, көзіне жас алған ата-аналар. 11 жыл нәр алған мектеппен қоштасар сәттің лезде жеткені әрине, қимастыққа жетелейді. Енді біз үшін қайта бастауыш сыныпта пәк көңілмен жарқын-жарқын күле қуаласпақ ойнаған сәтіміз келмейді. Барлық бақытты сәттер жай ғана естелікке айналды. Біз енді болашағымызға үміт артып, арман қуып, үлкен өмірге бет алдық.
Мектеп бітіруші түлек ретінде ұстаз­дарыма алғыс айтамын. Балалықпен титтей де ағаттық жасап қойсақ, көзін жұма қарап:
– Сабақ оқыңдар, тегінде жақсы­лығын өздерің көресіңдер! – деген сынып жетекшіме ерекше ілтипатымды білдіремін. Бар еркелігімізді көтеріп, қателігімізді кешірген екінші анамызға айналған ұстаздар қауымы әрбір жетістігіміздің себепшісі. Осы орайда, ең алғашқы журналистика әлеміне саяха­тымды бастауыма себепші бол­ған Кариева Аида апайыма, бар ықы­ласымен сүйреген бұрынғы сынып жетек­шім Данакулова Гүлмира апайыма ізгі ниет білдіремін.
Оқушы кезімде жақыныма айналған достарым мен қатарластарымды да сағынатын боламын. Өмірдегі ең алғашқы сынағымыз ҰБТ-дан ойдағыдай бал жинап, грант иегері атануларына тілектеспін. Алтын ұядан ұшып шыққан жас түлек өз қазанында қайнап, ел мен жерге қызмет етер тас түлекке айналуын тілеймін. «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан!» Сөзімнің соңын хакім Абайдың осы бір ғұмырлық сөзімен қоры­тындылағым келеді.

Нұрай Мұхит, жас түлек.

Поделиться ссылкой: