20 жылдық түлектер тартуы
25 мамырда Ақыртөбе ауылында «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасының «Жомарт түлек» жобасы аясында осы ауылдың 1987 жылғы азаматтары, яғни Ақыртөбе орта мектебінің 2004 жылғы түлектерінің демеушілігімен салынған Ақыртөбе мекенінің аты жазылған стелланың ашылу рәсімі өтті.
Қазіргі таңда әр ауылдағы мектеп түлектері белсенділік танытып, өздерінің кіндік қаны тамған туған жерлеріне қолдан келгенше жақсылық жасауды дәстүрге айналдырды десек, өтірік айтпаған болар едік. Соның айқын мысалы – осы стелла. Жалпы, өңірімізде «Жомарт түлек» жобасы бойынша жасалып жатқан игі істер өте көп.
Бағдарламаның мақсаты – білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуге, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Сонымен қатар, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, оларға қолдау көрсету болып табылады.
Әркімнің туып-өскен жері бар, біреулер оны мақтан етеді, ал екіншілері оны өз сағынышына айналдырған. Осы іс-шараға себепкер болып, барша ауылдастарының басын қосқан Ақыртөбе орта мектебінің 2004 жылғы түлектерінің басым көпшілігі қызмет бабы мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты шет аймақтарға қоныс аударғанына қарамастан, ауылым деп алыстан келіп отырған жайлары бар.
Азаматтарымыздың туған жеріне тарту етіп, елді мекеннің атауы жазылған заманауи үлгіде орнатылған стелланың ашылу жиынына жергілікті ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ақыртөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ұжымы мен аудандық мәслихат депутаты Сейтбек Кеңесұлы және Ақыртөбе орта мектебінің әкімшілігі, ардагер ұстаздар қатысып, құттықтау тілектерімен қатар, ұйымдастырушы түлектерге өз алғыстарын жеткізді.
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Осы іс-шараға ұйытқы болған азаматтарымыз туған жердің мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екендігін аңғартты.
Сатыбалды Иманалиев,
Ақыртөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.