400 Views
Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Әр адамның жүрегінде ізгіліктің тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, ол – соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Себебі сол нұрды жеткіншектің бойына дарыту үшін мұғалім аянбай еңбек етіп, тер төгеді.
Ұстаздар күні қарсаңындағы бұл мақала өзінің саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнап, білім саласында аянбай еңбек еткен, ұстаздардың ұстазы, Жаңатұрмыс ауылы, Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің зейнеткер ұстазы Рахия Есенжанқызы туралы болмақ.
Өзінің еңбек жолын 1970 жылы ауыл мектебінің биология пәні мұғалімі ретінде бастаған Рахия әпкей ұстаздық еңбек жолында республикалық, облыстық, аудандық олимпиадаларының жеңімпаздарын дайындады. Шәкірттерінің жан дүниесін байытып, қоғамның кетігіне кірпіш болып қалануына зор үлес қосты. Ұлағатты ұстаздың еңбегі мен жасаған ісі тәжірибесі қалыптасып келе жатқан әрбір маманға үлгі болды. Ол озат тәжірибені жинақтау, насихаттау, тарату бағытында да әдістемелік жұмысты дұрыс ұйымдастыра алды.
Оқушының қабілетін ашуда екінің бірі шебер бола бермейді. Рахия әпкей терең білімімен, парасаттылығымен, сабырлығымен бізге үлгі болды. Ол тек білімді жеткізуші ғана емес, керісінше, оқушының білімін, өмірге көзқарасын жүйелі түрде қалыптастыра алатын жан болды десем қателеспеймін. Біз Рахия әпкейдің әрбір сабағынан тек білім ғана емес, өмірлік сабақ, үлкен тәжірибе алдық. Өзінің пәнін жетік білетін ұстаздың әр сабағы бізді алыс армандар мен биік мақсаттарға жетеледі.
Ол – ешкімге ұқсамайтын, ерекше үлгі тұтарлық тұлға. Оның орны мен үшін қашан да бөлек әрі осындай ұлағат иесінен білім алғанымды мақтан тұтамын. Мектеп қабырғасымен қоштасқаныма жиырма жылдан аса уақыт өтсе де, Рахия әпкейдің қырық бес секундтай зымырап өте шығатын сабағын сағынамын, сол белеске қайта оралғым келеді.
Дәл осындай білімі мен білігі қатар ұштасқан, саналы ғұмырының басым бөлігін өскелең ұрпақтың оқу-тәрбиесіне арнаған аяулы ұстазым Рахия Есенжанқызының мен үшін орны ерекше.
Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған кез келген шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, бағытынан таймай жүретінін нық сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда оның шәкірттері белді де беделді қызметтерден көрініп, апайымыздың мерейін арттырып жүрген жайы бар.
Рахия Есенжанқызы бүгінде құрметті еңбек демалысында. Ол өзі еңбек еткен жылдарында нәтижелі жұмысы үшін 1986 жылы Указом Президиума Верховного Совета СССР «За трудовое отличие» төсбелгісімен, 1997 жылы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде табысты әрі нәтижелі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, 1989 жылы облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен, 1987 жылы облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымының «Құрмет» грамоталарымен, 1999 жылы және 2006 жылдары аудан әкімінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталса, 5 қазан ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында зейнеткер ұстаз, ұлағат иесі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып отыр.
«Ұлы ұстаз», «Ұлағат иесі» деген ардақты атаудың шын иегерінің болмысы осындай болмақ керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас июі тиіс деп санаймын.
Гүлмираш Қырықбаева,
аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі.
Поделиться ссылкой: