Еңбегімен еленген жан

316 Views

Құмарық ауылдық округінен ауданымызға есімдері белгілі талай еңбек адамдары шыққан. Өз ауылына сондай құрметті жанның бірі деп Жетпісбай Махаметқұловты айтсақ болады. Жетпісбай Махаметқұлов колхоз кезінде механизатор болып еңбек еткен. Кейіпкеріміз туралы ауылдастары да ұдайы жақсы пікір айтады. Сондай пайымды пікірдің бірін Құмарық ауылында дүниеге келген іскер азамат, аудандық мәслихаттың депутаты Қалижан Сабырқұлұлы да айтып берді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық мәслихаттың депутаты Қалижан Сабырқұлұлы, аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Нұрлан Бықыбаев және Құмарық ауылдық округінің әкімі Болат Мансұр колхоз кезінде еселі еңбек етіп, ауылдастарына адал әрі абыройлы адам ретінде танылған Жетпісбай Махаметқұловтың қара шаңырағына барды. Ондағы мақсаттары – «ҚР мәслихатының құрылғанына 30 жыл» деген мерекелік медальді табыстау еді.
Жетпісбай Махаметқұлов өзіне марапат табыстай келген інілерін құшақ жая қарсы алып, құрметін көрсетті. Сүбелі әңгімелер айтылды. 69 жасқа келген Жетпісбай Махаметқұлов 3 ұл, 1 қызынан 17 немере, 10 шөбере сүйіп отырған әулеттің қадірлісі екен. Жұбайы Алмакүл Махаметқұлова екеуінің отасқандарына 51 жыл толыпты. Ілгеріректе ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін де алған екен. Осының бәрін әлгінде айтқанымыздай, сүбелі әңгіме барысында кейіпкерімізден сұрап алдық.
Содан соң аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абақұлы «ҚР мәслихатының құрылғанына 30 жыл» мерекелік медалін Жетпісбай Махаметқұловтың кеудесіне тақты. Өз сөзінде күнде газет журналдар мен теледидарды қалт жібермей бақылап отыратындығын айтқан Жетпісбай Махаметқұлов бұл медальдан хабардар екенін жеткізді. Және сол қатарда өзінің болғанына да ризашылығын білдіріп, Жаңа жыл жақсылығымен келсін деген тілегін жеткізді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: