Сақалды құрылыс – сән кетіреді

169 Views

Аудандағы бірқатар елді мекендерде жұмыстары аяқсыз қалып, «Сақалды құрылысқа» айналған нысандар жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығын тудыратыны айтпаса да белгілі. Адалын айту керек, жарты жолда тоқтаған нысандар елді мекендердің сәулеттік келбетін бұзып қана қоймай, балалар үшін қауіпті орынға айналуы бек мүмкін.

Луговой ауылындағы он жылдан бері қараусыз тұрған мына құрылыс нысаны – мәселенің бір ғана көрінісі. (Суреті 1-ші бетте). Ауыл орталығындағы бұл ғимарат бір кездері сауда немесе мейрамхана болар деген үміт сыйлаған. Алайда жылдар өте келе үміттің орнын – үрей, ал қаңқасы қалған қабырғалардың орны – қауіп басып келеді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл нысан тек көзге қораш көрініп тұрған жоқ, сонымен қатар балалардың бұл нысанның жанымен емін-еркін өтіп, оқыс жағдайға ұрынуына да себеп болуы мүмкін деп есептейді. Терезелері салынбаған, ішкі бөлігі қаңырап тұрған бұл құрылыс – сәулеттік тұрғыдан да, әлеуметтік қауіпсіздік тұрғысынан да өзекті мәселе.
Ел арасында «Абай бұрылысы» аталып кеткен жол бойында да осыған ұқсас жағдай орын алған. Кезінде іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілгенімен, жылдар өте жұ­мы­сы тоқтап, өз күйінде қалған құры­лыс бүгінде аудан орталығына келе­тін қонақтардың көзіне түсетін ал­ғашқы көрініс. Ауыл тұрғындары бұл нысанның да тезірек аяқталып, ха­лық игілігіне берілгенін қалайтыны жасы­рын емес.
Аудан орталығы – Құлан ауылында да бірнеше нысан бар, олар да талай жылдан бері аяқсыз қалып, елді алаң­датуда. Олардың кейбірі – кеңес дәуірі­нен қалған ескі ғимараттар болса, енді бірі – кезінде әлеуметтік маңызы бар мекеме ретінде жоспарланған, бірақ түрлі себептермен тоқтап қалған жоба­лар. Бұл – тек қана құрылыс саласын­дағы емес, жергілікті басқару мен бақы­лау жүйесіндегі олқылықтың да көрінісі деп білеміз. Сондықтан да алдағы уақытта аталмыш округтердің әкімдері мен аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы бұл мәселені назарға алады деген сенімдеміз.
Мәселе тек кәсіпкерлік нысандарда ғана емес. Мемлекеттен жер алып, «үй тұрғызамын» деп уәде берген кейбір жеке тұрғындар да жауапкершілікті соңына дейін сезінбей, құрылысты аяқсыз қалдырып отыр. Осындай бос үйлердің айналасы, әсіресе жаз мезгілінде, кішкентай балалардың ойын алаңына айналады. Бұл жерлер – ересектердің қарауынсыз қалған сәтте түрлі оқыс оқиғаларға жол ашуы мүмкін ғой. Сол себепті де бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған абзал.
Өйткені мұндай орта, әсіресе, балалар арасында қорқыту мен буллинг секілді теріс әрекеттердің өршуіне де ықпал етуі ықтимал.
Сондықтан жергілікті билік, сәулет және құрылыс бөлімдері тарапынан мұндай нысандарға қатысты нақты шешімдер қабылдануы тиіс. Жауапты иелерге ескерту жасалып, қажет болса, заңдық шаралар қолданылып, басталған жұмыс аяқсыз қалмауы керек. Өйткені әрбір қаңыраған қабырға – елдің келешегіне балта шабуы мүмкін.
ТҮЙІН: Сақалды құрылыс – бұл тек аяқталмаған қабырға мен темір қаңқа емес. Бұл – ауылдың ажарына түскен сызат, қоғамның бейқамдығына соғылған ескерту. Жауапсыз басталған істің салдары көп жағдайда тек құрылыстың тоқтап қалуымен шектелмейді. Ол – тұрғындардың сеніміне селкеу түсіріп, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: