Ауданда ардагерлер арасында бильярдтан жарыс өтті

115 Views

Өткен аптаның жұмасында ауданымызда ардагерлер арасында бильярд ойынынан жарыс ұйымдастырылды. «Біз нашақорлыққа қарсымыз» деген ұранмен өткен бұл сайысқа түрлі ауылдық округтерден келген қазыналы қариялар қатысып, өзара бақ сынасты. Шараны аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды.
Бұл жарыс – тек бильярд додасы ғана емес, сонымен қатар ардагерлеріміздің белсенді өмір салтын ұстануына, денсаулықты нығайтып, өмірге деген құлшынысты арттыруына бағытталған игі бастама болды. Қатысушылар шебер ойын өрнектерін көрсетіп, жиналған жұртшылыққа тартымды көрініс сыйлады. Сонымен қатар, бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, көңіл көтерді, тәжірибе алмасты.
– Біз үшін мұндай шаралар – сергектіктің, жастық жігердің символы. Ардагерлер өздерінің әлі де қоғамның белсенді мүшесі екенін дәлелдеп отыр. Осындай кездесулер өмірге деген құштарлықты арттырады, – дейді аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов.
Жарыс қорытындысы бойынша, үздік ойын көрсеткен ардагерлер арнайы марапаттарға ие болды. І орынды аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов иеленсе, ІІ орын Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаевқа бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынды аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Райзо Шәділбеков еншіледі.
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Олар өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мұндай игі бастамалар жалғасын тапса деген тілектерін жеткізді.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің өкілдері бұл жарыс – ардагерлерді салауатты өмір салтына тартудың бір жолы екенін айтып, алдағы уақытта да осындай түрлі спорттық, мәдени шаралар ұйымдастырылатынын жеткізді.
Қарияларымыздың бойындағы сергектік пен қайрат – кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі. Олардың қоғам өміріне белсене араласуы – бірліктің, өзара сыйластықтың және ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі.

Айдана МАҚСҰТ.

Поделиться ссылкой: