ТІЛ – ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚТЫҢ НЫШАНЫ

165 Views

Мемлекеттік тіл – елдің рухани тұғыры, ұлттық болмысының өзегі. Ал сот саласы – мемлекеттің әділдік орнатудағы басты тірегі. Осы екі ұғымның тоғысуы – заң үстемдігін қамтамасыз етуде аса маңызды. Сондықтан сот жүйесінде мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы – тек тіл саясатының емес, жалпы қоғамның әділетке деген сенімінің көрінісі.
Қазіргі таңда сот ісін жүргізу барысында мемлекеттік тілде құжаттарды әзірлеу, шешім шығару, тараптарды ақпараттандыру секілді мәселелер күн тәртібінен түскен жоқ. Азаматтардың өз тілінде заң тілімен сөйлесе алуы – олардың құқықтық қорғанысын күшейтеді. Заң тілі – күрделі де ресми. Ал оны халыққа ұғынықты етіп жеткізу – мемлекеттік тілдің дамуына үлес қоса отырып, заң мен халық арасындағы  көпірге айналады.
Мемлекеттік тілді жетік меңгерген судья мен прокурор, адвокат пен тергеуші – бұл жай ғана маман емес, бұл – мемлекеттің әділетті келбетінің иесі. Қарапайым халық сот отырысына қатысып, өз ісінің мемлекеттік тілде қаралып жатқанын көрсе, бұл оның елге, заңға және сот билігіне деген сенімін арттырады.
Әрине, тіл тағдыры – бір күнде шешілетін мәселе емес. Дегенмен сот саласы – тілдің жанды қолданысқа түсетін нақты алаңы. Мұнда тіл тек қарым-қатынас құралы емес, ол – құқықтық тетік, азаматтық сенім, ұлттық тұтастықтың нышаны. Сол себепті сот жүйесінде мемлекеттік тілге басымдық беру – тек заң талабы емес, бұл – тарихи жауапкершілік.
Сот саласындағы мемлекеттік тіл –әділдікті ана тілінде орнатудың жолы. Бұл – заңның да, халықтың да талабына сай келетін әділетті қоғам құрудың алғы шарты. Мемлекеттік тіл – сот төрелігінің тілегі емес, тірегі болуы тиіс.
М.НҮСІПӘЛІ,
аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы.

Поделиться ссылкой: