Өмірден ерте кеткен ер Ертай…
39 ViewsЖауын Ертай Ернарұлы. Бұл есімді менің білгеніме 2-3 жылдың жүзі болды. Ертайдың өмірі қысқа болды. Ол әрине ауырып сыздаған жоқ. Мектепте де үздік оқушылардың…
Біздің газеттің шығармашылық ұжымы бұл атаулы датаны да назардан тыс қалдырған емес. Биыл да газет тілшісі Марат Диханбай материалдар әзірледі. Тілшіміз алдымен аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеевке жолығып, мақалаға тұздық болар мәліметтер алған болатын. Ендеше, назарларыңыз тілшіміз дайындаған материалда болсын. Аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Тоғанбайұлы әрдайым ашықтықты қолдайтын азамат. Бір мәлімет сұрасаң, қысылып-қымтырылмай айтады. Бюджет қаржысына қатысты қандай да бір сандық көрсеткішті де жасырып, бұқпантайлап қалған емес. Қойған сауалыңа да нақты жауап береді. Осы жолы да солай болды. Бардық. Қанша дегенмен Ауған соғысының ардагері ғой өзі де. Межелі уақытта кездестік. Уақыттың қадірін біледі. Сұрақ қойдық. Қойған сауалымызға естігіміз келген жауапты да ала алдық.
Алдымен сандарды сөйлетсек. Т.Рысқұлов ауданы бойынша барлығы 203 спорт нысаны бар екен. Яғни ауданымызда 6 спорт кешені, 1 стадион, 121 спорт алаңшалары, 21 футбол алаңы және 54 спорт залдары бар деген сөз. Аталған спорт нысандарының барлығы аудан тұрғындарына қолжетімді және ең бастысы ақысыз болып табылады. Енді осы саланы қаржыландыру мәселесіне тоқталайық. 2024 жылы жалпы спорт саласына 269 044,0 мың теңге қаражат бөлінген екен. Оның ішінде еңбекақы қорына 180481,5 мың теңге, коммуналдық қызмет ақысына 42626,7 мың теңге, спортшылардың іссапар шығындарына 24552,0 мың теңге, бұқаралық спорттық іс-шаралар шығындарына 4378,0 мың теңге, басқа да шығындарға (1С бағдарламасы, кеңселік, шаруашылық және спорттық тауарлар) 17005,8 мың теңге жұмсалыпты. Ал 2025 жылы жалпы спорт саласына 335 473,0 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде еңбекақы қорына 226 802,0 мың теңге, коммуналдық қызмет ақысына 52720,5 мың теңге, спортшылардың іссапар шығындарына 14000,0 мың теңге, бұқаралық спорттық ісшаралар шығындарына 4730,0 мың теңге, қызметтік автокөлікке 17573,0 мың теңге, басқа да шығындар (1С бағдарламасы, кеңселік, шаруашылық және спорттық тауарлар) 19647,5 мың теңге. Мінеки, ашықтық дегеніміз – осы. Ал «2025 жылдың 6 айында аудан бойынша барлығы қанша іс-шара өтті?» – деген сұраққа келсек, оған да жауап дайын. Ерлік Тоғанбайұлының айтуынша, 2025 жылдың 6 айында аудан бойынша 120 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 13670 адам қамтылған екен.
Ауданда 5 спорт мекемесі жұмыс атқарады. Оның ішінде Жамбыл облысы әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, яғни №24 және №25-ші спорт мектептері жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 13 спорт түрінен, атап айтсақ, еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, волейбол, таэквондо, кикбоксинг, асық ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қол күрес, бес тас бойынша барлығы 1091 жасөспірім спортпен шұғылданады. 44 жаттықтырушы осы балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып, талабын шыңдап, еселі еңбек етіп жүр. Қалған 3 спорт мекемесі аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің бағынысында. Олар Құлан ауылындағы «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы», сондай-ақ, Луговой ауылындағы «Балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы». Аталған спорт клубында 6 спорт түрінен, яғни бокс, еркін күрес, қазақ күресі, футбол, волейбол және дзюдо спортынан үйірмелер жұмыс істейді. Осы үйірмелерде күніне 388 жасөспірім спортпен шұғылданады. Рахым Сәбденов ауылындағы спорт кешені Луговой ауылындағы балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубына қарайды. Онда 3 спорт түрінен, яғни футбол, волейбол және еркін күрестен 140 жасөспірім спортпен шұғылданады екен. Ақыртөбе ауылындағы №2 «Балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы» тағы бар. Онда 3 спорт түрінен, яғни қазақ күресі, қол күрес, волейболға 126 бала қатысады. Осы спорт мекемесіне қарасты Көгершін ауылындағы спорт кешенінде де 4 үйірме ашылып, 252 бала спортпен қамтылған. Спорт бөліміне қарасты БЖДШК-да жалпы 1015 жасөспірім спортпен шұғылданады.
Жалпы аудан бойынша 23 спорт нұсқаушы бар. Олар да ауылдық жерлерде іс-шаралар ұйымдастырып, бұқаралық спорттың дамуына өз үлестерін қосып жүр.
2025 жылдың 6 ай қорытындысы бойынша спортшыларымыз Азия чемпионатынан 4 медаль, оның 1-еуі алтын, 1-еуі күміс, 2-еуі қола жеңіп алған екен. ҚР чемпионаттарынан 9 медаль иеленген. Оның 6-ауы алтын, 1-еуі күміс, 2-еуі қола. Республикалық жарыстардан 73 медаль еншілеген. Оның 13-і алтын, 26-сы күміс, 34-і қола. Облыс чемпионаттарынан 160 медаль. Оның 59-ы алтын, 33-і күміс, 68-і қола. Осы жарыстардың барлығын қоса есептегенде жалпы жиынтығы 220 медаль, оның 57-сі алтын, 70-і күміс, 93-і қола медаль.
Марат Диханбай.