Әжелер салған ән қандай?
Ауданымызда бірқатар халықтық атағын иеленген ансамбльдер бар. Одан өзге тағы қаншама этно-мәдени бірлестіктер бар. Олардың барлығы әрине алдымен берекелі бірлікті ту етіп, аудан жұртшылығына өнер дейтін өлкедегі асыл құндылықтарымызды дәріптеп жүр.
2023 жылы Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблінің де негізгі миссиясы сол, халық әндері мен қазақ халық композиторларының есті әндерін аудан жұртшылығына насихаттау еді. Естеріңізде болса, «Асыл әжелер» ансамблі құрылған кезде біз барша аудан жұртшылығына сауын айтып, мақала да жазған болатынбыз. Мінеки, құрылғанына 2 жылдай уақыт болса да «Асыл әжелер» ансамблі мерекелік іс-шараларда әрдайым сахна төрінен табылып, ән салып жүр. Оны өз көзімізбен көріп те жүрміз. Репертуарларының басым бөлігінде халық әндерін орындайды. Ауданымызға белгілі әнші Гүлмарал Қорабаева жетекшілік ететін «Асыл әжелер» ансамблінде Гүлназ Исақова, Гүлмира Алимкулова, Ажар Райсова, Гүлбүбі Кусепова, Айнұр Арипова, Роза Серікбаева, Гүлбаһрам Лахова секілді әр түрлі салада еңбек еткен ақ жаулықты аналар өнер көрсетеді. Ансамбльде продюсерлік қызметті аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Гүлдерайым Даулетова атқарады.


Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен «Асыл әжелер» ансамблінің «Әжелер салған ән қандай?» атты есептік концертіне қатыстық. Концерт өте тамаша болды. «Асыл әжелердің» есептік концертіне шынайы тілеулес болып келген көрермендер қатысты. Олардың қатарында аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, ардагер журналист Тұрсынхан Жаманбаев, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов та бар.

«Асыл әжелер» ансамблі есептік концертте ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, түрлі музыкалық композициялар мен халық әндерін көрермен назарына ұсынды. Концерт барысында «Ұлы даланың ұлы аналары» композициясы, тұсаукесер салты және композитор Шәмші Қалдаяқов әндерінен попурри орындалды. Есептік концертте Ербол Бәтеннің «Аман ба?», Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз», Садық Керімбаевтың «Ауылым – алтын бесігім», Нұрғиса Тілендиевтің «Жүрегім менің», Шымберген Сүлейменовтың «Анаңды сүй», Кенен Әзірбаевтың «Басты өлең», Қуаныш Құрманбаевтың «Елге алғыс» және «Угайым-ай» «Керім-ау айдай», «Дей салдым», «Гүл, гүл жайна», «Дүлділім», «Тойға шашу» секілді халық әндерін тыңдап, көңіліміз жадырап қалды. Одан бөлек «Әдемі-аудың» биші қыздары би билесе, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова Тынышбай Рахымның «Бозорамал» әнін орындап, залға жиналған көрермендердің алғысына кенелді. Концерт соңында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдос Базарқұлов және Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов сөз сөйлеп, «Асыл әжелер» ансамблінің есептік концерті жоғары деңгейде өткендігін атап өтіп, ансамбль мүшелеріне шығармашылық жетістіктер тіледі.
Марат Диханбай.
