УАҚЫП – Алланың мүлкі

28 Views

Уақып дегеніміз – Ислам дінінде
Құран, Сүннет және Ижмағ арқылы
бекітілген мұстахаб амал. Яғни
атқарылуы ұнамды болған әрі Аллаға
жақындататын амал. Уақып сөзінің
тілдік мағынасы «ұстап тұру, сақтау»
дегенді білдіреді. Ал енді шариғи
мағынасына келер болсақ, уақып сөзі
«Қандай да бір нәрсені Алланың мүлкі
есебінде сақтауды», яғни белгілі бір
мал-мүлік көп мәрте қайырымдылық
жолында пайдалану үшін ұзақ мерзім
жұмсамай ұстап тұруды айтамыз.
Қасиетті Құрани Кәрімде: «Жақсы
көрген нәрселеріңді Алла жолында
жұмсамайынша жақсылыққа қол
жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар
да Алла оны сөзсіз біліп тұрады»,
делінген. (Әли Ғымран 92 аят). Және
сондай-ақ, тағы бір аятта: «Алла Тағала
жолында берген нәпәқаларыңның есесін
Алла толтырады», – деп баяндалады
(Сәбә, 39 аят).
Уақып ету Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. мен оның сахабаларының
кезінде де өз жолын тапқан. Бұл жайлы
көптеген риуаяттар да баршылық.
Солардың ішінен төмендегі риуаят
әңгімені келтіре кеткенді жөн санадық.
«Мәдиналық ансарлардың ішінде құрма
талдары ең көбі Әбу Талха р.ғ. болатын.
Әбу Талха р.ғ құрма бауларының
ішінде, мешіттің алдындағы Байруха
деп аталатын бауды жақсы көретін еді.
Пайғамбарымыз с.ғ.с. онда әрдайым
кіріп, шырын суымен шөлін басатын.
«Сендер Алла Тағала жолына жақсы
көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша
ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар»
аяты түсірілген уақытта Әбу Талха р.ғ.
Алла Елшісінің с.ғ.с. жанына барып:
«Уә, Расулаллаһ! Алла Тағала: «Сендер
Алла жолына жақсы көрген нәрселеріңнен жұмсамайынша ізгілікке қол
жеткізе алмайсыңдар» деп жатыр.
Дәулетімнің ішінде менің ең жақсы
көретінім Байруха бауы. Сол бау Алла
Тағала жолында садақам болсын. Сол
бауды садақа ету себебінен ізгілікке қол
жеткізіп, қалауыңызша пайдаланыңыз»
– дегенінде, Пайғамбарымыз с.ғ.с:
«Жақсы! Бұл бау пайда келтіреді. Бұл
баудың пайдасы болады. Ниетіңді
естідім. Менің ойымша сен ол бауды
жақын-туыстарыңа бергенің жөн» —
деп, жауап берді. Әбу Талха р.ғ.: «Уә
Расулалла! Мен Сіз айтқандай істеймін»
– деп, бауды туыстары мен әке жағынан
бауырларына бөліп берді». (Бұхари
және Муслим риуаяттары).
Яғни уақып етілген нәрсе уақып
етушінің мүлкінен шығады және Алланың мүлкіне айналады. Уақып
қылынған нәрседен алынатын пайда,
яғни көзделген мақсаты, уақып етушінің
тарапынан алынған зат немесе мүлік
белгіленген орындарға (шәкірттер,
жолаушылар, кембағалдарға) жұмсалып, сауабы уақып етушіге үздіксіз
жетіп тұрады. Уақып етілген нәрсе
сатылмайды һәм хадия (сыйлық) етілмейді және мирасқа да өтпейді. Демек
үзілмейтін садақа болып саналады.
Уақып садақа емес, садақа дегеніміз бір
нәрсені жұмсаумен жүзеге асады. Сөзіміз
түсінікті болу үшін, сондай-ақ, нақты
айтар болсақ, уақып дегеніміз – садақа
жәрия. Уақып етушіге оның сауабы
үздіксіз жетіп тұрады. Ең сауаптысы
мұсылмандардың көп мұқтаж болған,
әрі ең көп пайдасы тиетін орындарға
берілуі. Мысалға айтар болсақ, бір адам
кітаптар сатып алып, кітапхана жасап,
ол кітапхананы уақып етіп жіберді
делік. Демек, уақып арқылы ол адамға
сауабы үздіксіз жалғаса береді. Мұндай
сауапты амалдар (уақф ету) тарих
кітаптарында медреселер, емханалар,
мешіттер үшін көптеген уақф қорлары
ашылғандығы көп айтылады. Осы
орайда «Уақфтың өзіміз білетін зекет
пен садақадан айырмашылығы барма?»
– деген сауал туындауы да мүмкін.
Уақф пен зекеттің айырмашылығы
мынада: Алла Тағала: «Шын мәнінде
садақалар, Алла тарапынан бір парыз:
Қолы тар пақырларға, түгі жоқ
міскіндерге, оны жинауға бөлінгендерге,
көңілдері алынатындарға, құлды азат
етуге, борыштыларға, Аллаһ жолына
және жолда қалғандарға беріледі,»
деп бұйырады. Зекетте зат пен оның
пайдасын біреуге иелендіруге болады.
Ал уақып ету де бұлай емес.
Ал айырмашылығы – уақып кезінде
зат немесе мүлік сол күйінде қалып,
одан пайда алу үздіксіз жалғаса береді.
Ал садақа немесе хадия кезіндегі зат
немесе мүлік сақталмауы мүмкін. Уақф
арқылы көптеген мешіттер салынып,
медреселер ашылуда. Білім мен тәлімтәрбие таратылып, мұқтаждарға,
жетім-жесірлерге, кембағалдарға түрлі
көмектер көрсетіледі. Мұндай ізгі
амалдардың сауаптары уақф еткен
адамның амалына үздіксіз жазылып
тұрады. Ғұламаларымыз төмендегі
хадисті уақф амалына ең негізгі дәлел
деп бекітеді: Әбу Һурәйра р.ғ. дан
риуаят етілген хадисте, Алла Елшісі
с.ғ:с.: «Адам баласы қайтыс болғаннан
кейін үш нәрседен барлық амалы тоқтайды. Үзілмейтін садақасы, пайда беретін ілімі, дұға ететін ізгі ұрпағы»,– дейді.
Ғұламалардың пікірінше уақыптың
төрт рүкіні бар деген шешімге келген:
1.Уақып беруші.
2.Уақып алушы.
3.Уақыпқа қойылған жер.
4.Сөз формасы, яғни ашық айту,
«уақыпқа қойдым» немесе «садақа
ретінде бердім».т.б.
Уақып етілетін нәрселерге не
жатады?
Қандайда құндылығы бар нәрсе
Пайдалануға мүмкін болатын әр
нәрсе (Харам болмаған).
Уақыптың пайдасы мен қажеттілігі
сондай ол діни сенім және ойлардың
күшті дамыған құрылымдары ретінде
ғасырлар бойы қоғамның материалдық
әрі рухани қажеттіліктерін қамтамасыз
етуде үлкен қызмет атқарып келеді.
Мәдинадағы Пайғамбар с.ғ.с. мешітінен бастап, Мухайриқтың Ухуд
шайқасында Алланың Елшісіне тастап
кеткен бау-бақшалары, Осман ибн
Аффанның мұсылмандар суын ішсін
деп уақф еткен Рума құдығы, сосын
Омар Ибн әл-Хаттабтың Хайбардағы
жерін уақфға қойып, оның жемісін
қайырымдылық істеріне арнауы
т.б. осыған ұқсас көптеген сауапты
амалдар уақф ету жолында күллі
мұсылман үмметтеріне үлгі болды.
Уақф мәселесінде ислам шариғаты заң
жағынан жан-жақты зерттеліп, қалыпқа
түскендігімен ерекшеленеді. Сондайақ, уақфтың көптеген мақсаттары мен түрлерімен, қоғамда атқаратын рөлімен
ерекшеленеді, һәм қоғам ізгілігне
арналған амалдардың бірі. Бұл орайда
ҚМДБ тарапынан көптеген қолдаулар
жандануда. Дін білімдерін дамыту,
дін қызметкерлеріне қолдау көрсету,
қайырымдылық жобалары, мұқтаж
отбасыларға көмектесу, әлеуметтік
жағдайы жоқ жанұяларға баспаналар
әперу деген сияқты т.б. көптеген келелі
жұмыстар жасалуда.
Мақаламызды түйіндей келе айтарымыз, уақф ету – жеке мүлікті қоғам игілігіне, қажетіне арнап, сауабын
Алладан үміт ету болып табылады.
Бұл дегеніміз – имандылықтың жарқын
көрінісі. Пайғамбарымыз с.ғ.с. өзінің
хадисінде: «Адамдардың жақсысы өзге
адамдарға көбірек пайда тигізгендері»
дейді (Табарани риуаяты).
Жаратушымыз баршамызды қоғамға
пайдалы құлдарынан етсін.
Үмбет САБЫРХАНОВ,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий