Дүниежүзілік сайлау күні: сайлаушы сенімі – басты назарда

115 Views

Дүниежүзілік сайлау күні аясында Т.Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, бірқатар мазмұнды әрі тағылымды кездесулер ұйымдастырып, тұрғындар мен жастар арасында сайлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізді. Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – азаматтарға Қазақстан Республикасының сайлау жүйесінің негіздерін түсіндіру, сайлау заңнамасында бекітілген жалпыға бірдей және тең сайлау құқығының маңызын ашу, сондай-ақ, әрбір азаматтың мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және сайлануға, республикалық референдумдарға қатысу құқықтарын кеңінен насихаттау болды.
26 қаңтар күні Т.Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен №1 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушыларымен және Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушыларымен танымдық кездесу өтті. Кездесу барысында оқушыларға сайлау заңнамасының негізгі қағидалары жан-жақты түсіндіріліп, тақырыпқа сай викториналық сұрақтар қойылды. Белсенділік танытып, дұрыс жауап берген оқушылар естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл кездесу жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және сайлау үдерісінің маңызын терең түсінуге ықпал етті.
30 қаңтар күні Дүниежүзілік сайлау күніне орай, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мен «Жастар ресурстық орталығының» бірлесіп ұйымдастыруымен Құлан агротехникалық жоғары колледжінің білімгерлері арасында «Сайлаудағы тәуелсіздік – қоғамның негізі» тақырыбында зияткерлік ойын өткізілді. Шара барысында қатысушылар сайлау үдерісі, азаматтық ұстаным және құқықтық сауаттылық бойынша өз білімдерін сынға салды. Ойын қорытындысы бойынша белсенділік танытқан командалар дипломдар мен алғыс хаттармен марапатталды. Аталған шара жастардың сайлау жүйесі туралы түсінігін кеңейтіп, азаматтық белсенділік пен құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталды.
2 ақпан күні тұрғындармен «Сайлаудың ашықтығы» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті. Кездесу барысында сайлауға қатысудың азаматтық жауапкершілік пен демократиялық қоғам қалыптастырудағы рөлі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан сайланбалы қызметтердің өкілеттік мерзімдері, кандидаттарға қойылатын талаптар және оларды ұсыну тәртібі жөнінде қойылған сұрақтарға қолданыстағы заңнама аясында нақты әрі түсінікті жауаптар берілді. Бұл кездесу сайлау үдерісінің ашықтығын арттыруға және азаматтардың сайлау институттарына деген сенімін нығайтуға бағытталды.
3 ақпан күні ауданның белсенді жастарының қатысуымен «Сайлаудағы инклюзивтілік: барлығына тең мүмкіндік қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жастардың сайлаудағы рөлі, азаматтық белсенділіктің маңызы және сайлау үдерісіне барлық азаматтар үшін тең жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылардың сауалдарына нақты жауаптар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл дөңгелек үстел жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сайлаушы сенімін қалыптастыруға зор ықпал етті.
5 ақпан күні Дүниежүзілік сайлау күні аясында «Достық» үйінде ауқымды дөңгелек үстел өтті. Оған Т.Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсен Әлпейісов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Қанат Арыстанбеков, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері және жергілікті қауымдастық мүшелері қатысты. Жиын барысында сайлау комиссиясының қызметінің ашықтығы, өткен және алдағы сайлау науқандарының өткізілу барысы, тұрғындардың сайлауға қатысу белсенділігі және сайлауды насихаттау мәселелері кеңінен талқыланды.
Жалпы Дүниежүзілік сайлау күні аясында өткізілген бұл іс-шаралар сайлау үдерісінің ашықтығын арттыруға, тұрғындар мен жастардың құқықтық сауаттылығын көтеруге және қоғамдағы сайлаушы сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясы.

Поделиться ссылкой: