«Мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтарының туысымын да…»

171 Views

Орыс халқының ұлы жазушысы Фёдор Достаевский зиялыларды «аяғы жерге тигендер» мен «аяғы жерге тимей жүргендер» деп екі топқа бөліпті. Бұның мағынасын тәптіштеп жазудың еш қажеттігі бола қоймас деп ойлаймыз. Меніңше, қазақ поэзиясына өзіндік леп әкелген ақиық ақын Мұқағали Мақатаев осының алғашқы санатына кіреді.
Дархан көңілді қазақтың тарихында небір талайды тамсандырған ақындар көп болған ғой. Десе де, қазақ поэзиясында қара өлеңнің өрелі өрнегін құйындай құлпыртқан бірегей ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың есімін солардың ішінен біз бөле жарып айтамыз. Мұқаң даланың даналығын сезінген дара талант. Оған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс.

Өйткені «Мен дауылдың ұлымын, Тұра алмаймын дауылсыз» деп қайсар рухты Қасым ақын айтқандай, оның отты жырларынан дауылды дүркіреткен дауылпаздың үні аңғарылады. Сондықтан да ол – Мұқағали болып тарихта қалды.
Сырым да – осы,
Жырым да – осы
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба жандым ба?
…Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Қарасазда туып өскен Мұқағали Мақатаев қырықтың қырқасына шыққанмен, елудің етегінен ұстап үлгермеген ақын. Небары 45 жас ғұмыр кешті. Алайда творчестволық өмірбаян тұрғысынан келсек, біздіңше, Мұқаң айтарын айтып, жазарын жазып кеткен ақындар санатында. Оның өлеңдері жас талғамайды. Жастың да, жасамыстың да Мұқаңның жырларын жатқа айтуы сондықтан.
Қазір мейлі, ол қай сыныптың оқушысы болмасын, Мұқаңның жырын жатқа сұрай қалсаңыз, кемінде бір өлеңін судыратып айтып береді. Кезінде оның өлеңдерін бағаламай, ақындық қасиетіне сын айтқандар да табылған деседі. Оны ақын күнделігіндегі «Ей безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды солар орнымызға қояды. Мен өзім жайында мынаны айтамын: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтарының туысымын да…» деп жазғанын-ақ аңғаруға болатындай.
Бүгінгі таңда қай ақын көп оқылады десек, мүдірместен ауызға Мұқаң оралады. Қазақы жырдың қаймағын поэзия әлемінде қайта тулатқан жыр дүлділі Мұқағали Мақатаевтың есімі әрқашан қазақ халқымен үндес. Және мына фактіні біз айрықша атап өткіміз келеді. Қанша жыл өтсе де, Мұқағали жыры көрікті жырдың көші болып қала бермек.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: