27 Views
Нүркен Қырбасов басшылық ететін №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен талай мықты спортшылар шыққанын жақсы білеміз. Соның бірі деп екі рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан Әлішер Ерғалиды айтсақ болады. Атағы алысқа жайылған аталмыш спорт мектебінен қазір де талай жарыстарда атой салып жүрген спортшылар тәрбиеленіп жатыр. Осы күні бұл спорт мектебіндегі жаттықтырушылар 5 спорт түрі бойынша, яғни еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, бокс және асық ату спортынан балалар мен жасөспірімдерді үлкен спортқа баулып, оларға біз атаған спорт түрлерінің қыр-сырын үйретеді. Шыны керек, жаттықтырушылардың атқарған жұмыстары ерен. Есесіне, балалар мен жасөспірімдер де сол төккен тердің жемісін ақтап та жатыр.
Айталық, өткен айда Тараз қаласында күрес түрлерінен әр түрлі жастағы балуандар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыс он күнге созылды. Біз бұған дейін де осы біріншілікте жерлесіміз Нұрданат Айтановтың жеңімпаз болғанын жазғанбыз. Нұрданат та осы спорт мектебінің түлегі. Бұл Қазақстан біріншілігінде әр түрлі жас категориясы бойынша балуандар бақ сынасқанын атап өттік. Мәселен,Тараз төрінде ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатында еркін күрестен №25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қуаныш Тұлымшақовтың шәкірттері өздерін жақсы қырынан көрсете білді. 15 жасқа дейінгі ұлдар арасында 68 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ерназар Тұрғын Тараз шаһарында өткен ел біріншілігінде жүлделі үшінші орынды иеленді. Ал қыздар арасында қос бірдей ағайынды қыздарымыз ақтық кезеңге дейін алқынбай жетті. 15 жасқа дейінгі қыздар арасында 36 келі салмақ дәрежесінде күрескен Сезім Мәкен жүлделі екінші орынды өз еншісіне жазса, оның әпкесі Шынай Мәкен 23 жасқа дейінгі жастар арасында 50 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жүлделі екінші орынға ие болды. Бұның бәрі – еселі еңбектің нәтижесі әрине. Білікті жаттықтырушы Қуаныш Тұлымшақовтың қол астында еркін күрес спортының қыр-сырын үйреніп жүрген тәрбиеленушілер үшін бұл үлкен жетістік екені сөзсіз.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: