ТАУЛЫ АЙМАҚ ПЕН КЕСЕНЕ МАҢЫ ТАЗАРТЫЛДЫ

132 Views

Өткен сенбіде аудан әкімдігінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шөңгер ауылына қарасты таулы аймақта сенбілік жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған әкімдікке қарасты бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері белсене қатысты. Сонымен қатар «Таза су – 2014» және «ҚұланЭнергоЖылу» мекемелерінің арнайы ауыр техникалары жұмылдырылып, күрделі жұмыстардың жеңіл әрі тиімді орындалуына барынша мүмкіндік жасалды. Жалпы тұмса табиғат аясында таза ауамен тыныстап, демалғанды бәріміз де ұнатамыз. Дегенмен біз бір нәрсені ұмыт қалдырғандаймыз. Біз демалуды білеміз де, табиғатты қорғауды әрі аялауды білмейтін секілдіміз. Өкінішке орай, сенбілік барысында біз осыны анық аңғардық. Шашылған полиэтиленді қаптар, түрлі сусын құтылары, жуырда ғана дәл осы жерлерде әлдебір адамдардың сауық құрғанын көрсетті. Дегенмен ерікті жастармен елі үшін еңбек етіп жүрген жандардың көмегімен бұл іс те артта қалды. Сенбілікке қатысқан белсенді азаматтар қоқыстарды толық тазалап, арнайы техника күшімен сыртқа шығарды.
Сенбілік жұмыстары тек Шөңгер тауларында ғана емес, Дулат баба кесенесінің маңында да жүргізілді. Кесене аумағы сыпырылып, шөбі шабылды. Сонымен қатар кесене ішіне де тазалау жұмыстары жүргізіліп, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен қызметкерлері белсенділік танытты. Осы ретте біз аудан тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, алдағы демалыс кезеңдерінде тазалықты барынша сақтауға шақырамыз. Әрбір қалдырылған қоқыс табиғатқа зиян келтіретінін ұмытпаңыз. «Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Бұл игі бастамаға барлық аудан тұрғындарын белсенді қатысуға шақырамыз. Өйткені табиғатты аялау – келер ұрпақ алдындағы ортақ міндетіміз.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой: