Байлық – байлық емес, бірлік – байлық

17 Views

Байлық – байлық емес, бірлік – байлық

Мемлекет басшысының №826 Жарлығына сәйкес, сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Көгершін ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Ербол Әбутәліпов те қатысты.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалып, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар да таныстырылды. Аудан басшысы ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инвестиция тарту сынды салаларға қатысты атқарылған жұмыстарды тізбектеп берді.

Жалпы соңғы үш жылда аталмыш ауылдық округте біршама маңызды істер атқарылған. Атап айтар болсақ, бір жылдың ішінде мәдениет үйі және бұқаралық спортты дамыту мақсатында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Бүгінде бұл қос нысан ауыл тұрғындарының игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Одан бөлек көше жолдары мен жарықтандыру мәселесі де өз деңгейінде шешіліп келеді. Мәселен, өткен жылы Т.Барпиев, Амангелді–Тәуірқұлов көшелерінің бұрылыс жолдары орташа жөндеуден өтсе, Жамбыл және Төле би көшелеріне толықтай жарық орнатылған. Сонымен қатар кіші футбол алаңы орнатылып, ауыз су бассейні тазаланған. Сондай-ақ, ескерткіштер ағымдағы жөндеуден өткізіліп, ауыз су құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жиында кезек тұрғындарға да беріліп, ауыл халқы өз өтініштерін жеткізді. Жайылым, ағын су, жол жөндеу, бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігі, ата-аналардың жауапкершілігі және тазалықты сақтау тұрғысында ұсыныстар ортаға салынды.

Жиын соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий