Әрбір көтерілген мәселе ескерусіз қалмайды

21 Views

Әрбір көтерілген мәселе ескерусіз қалмайды

Аудан әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет басшысының №826 Жарлығына сәйкес, Көкдөнен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге ауыл тұрғындарынан бөлек, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов пен бірқатар бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Жиын барысында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды қысқаша баяндап өтіп, бірден сөз кезегін ауыл тұрғындарына берді. Округке қарасты қос елдімекеннің тұрғындары да тосылып қалған жоқ. Өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қойып, өтініштерін жеткізді. Жалпы Көкдөнен ауылдық округінде қалыптасқан керемет бір дәстүр бар. Ең әуелі аудан әкіміне ауылдағы мәселелердің маңыздысын Көкдөнен және Жақсылық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары жеткізеді. Бұл жолы да осылай болды. Бұл – «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген қазақи тәрбиеге сай келетін ауыл тұрғындарының құтты қадамы. Жоғарыда атап өткеніміздей, қос ауылдың ардагерлері Әнуарбек Тұрманбетов пен Кәрбоз Ағыбаев округке тиесілі қоғамға ортақ мәселелерді көтерді. Олар Жақсылық және Бәйтік көшелерінің жолын жөндеу, спорт кешенін салу, мектепті күрделі жөндеуден өткізу, ағын су мөлшерін молайтып, төрт түлікке арналған көл-тоғандар жасау, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, емдеу мекемесіне жапсарлас ғимарат салу және келесі халықпен кездесуді Жақсылық ауылында өткізу сынды өтініштерін жеткізді. Аудан басшысы әрбір сұраққа кеңінен ақпарат бере отырып жауап беріп, барлық көтерілген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтып, ауыл тұрғындарын тазалыққа шақырып, алдағы уақытта ауыл аумағында өтетін сенбілікке белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар ата-аналар да бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау керектігін жеткізді. Жиында электр жарығы, Көгершін – Құлан арасындағы облыстық мәндегі жолдың кейбір тұстарын қалыпқа келтіру, мектептің жылу жүйесі, бейітті қоршау сынды мәселелер ортаға салынды. Аудан әкімі барлық сұрақтарға жауап беріп, барлық көтерілген өтініштер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Жәнібек Базылбек.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий