БАЛА ТӘРБИЕСІ — БАСТЫ НАЗАРДА

13 Views

БАЛА ТӘРБИЕСІ — БАСТЫ НАЗАРДА

Өткен аптада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде ата-аналар жиналысы өтті. Жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбек төрағалық етіп, ол өз сөзінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту мәселелеріне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, оқу жылының аяқталуына байланысты қорытынды аттестаттау, соңғы қоңырау және мектеп бітіру іс-шараларын өткізу барысында қатаң сақталуы тиіс талаптарды атап өтті.Атап айтқанда, емтихан кезеңіндегі оқушылардың психологиялық жағдайына ерекше көңіл бөлу, мектеп пен сынып ішінде ата-аналардан қандай да бір мақсатта ақша жинауға қатаң тыйым салу. Барлық іс-шараларды бекітілген жоспарға сәйкес, қарапайым форматта өткізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар мерекелік кештерді мейрамханаларда, ойын-сауық орындарында ұйымдастыруға болмайтыны және түнгі сағат 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз көшеде жүруіне жол берілмейтіні қатаң ескертілді.

Жиын барысында мемлекет деңгейінде жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатының маңыздылығы да сөз болды. Қатысушылар жас ұрпақ тәрбиесінде отбасы, мектеп және қоғамның ортақ жауапкершілігі ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтар мен құқықтық сауаттылықтың сабақтастығын сақтау– бүгінгі күннің басты талаптарының бірі екені айтылды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен білім саласының өкілдері сөз сөйлеп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жан-жақты баяндады. Аудандық полиция бөлімінің басшысы Мадияр Қуанышбеков тәртіпті сақтаудың маңыздылығына тоқталып, буллинг, интернет-алаяқтық және бопсалау секілді қауіптердің алдын алу үшін ата-аналар балалардың телефондарын бақылауда ұстауы қажет екенін жеткізді.

«Құлан медиа» ақпарат.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий