«Қарызсыз қоғам» – халыққа нақты көмек көрсеткен жоба
«Қарызсыз қоғам» – халыққа нақты көмек көрсеткен жоба
2025 жылдың 17 ақпаны мен 20 желтоқсаны аралығында Жамбыл облысында жүзеге асқан «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 38 689 азамат құқықтық көмек алды.
Оның ішінде 33 525 адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтіп, арнайы сертификат иеленді. Бұл жоспардың 133 пайызға орындалғанын көрсетті. Ал 5 164 азамат оқудан өтпей-ақ, құқықтық кеңес алды.Т.Рысқұлов ауданында «Қарызсыз қоғам» жобасы қарқынды жүзеге асты. Жуырда Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында аудан тұрғындарына арналған қаржылық сауаттылықты арттыру бағытындағы оқу семинары өтті. Аталған жоба «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің бірлескен бастамасы ретінде жүзеге асырылып, азаматтарға жеке қаржыны тиімді басқару, қарыз жүктемесін азайту және қаржылық тұрақтылықты қалыптастыру бойынша жан-жақты қолдау көрсетуде. Семинар жұмыстарына Жамбыл облысы бойынша өңірлік үйлестірушісі Алтынай Молдашева қатысып, тұрғындармен кездесіп, қаржылық сауаттылық бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында несие жүктемесін реттеу, жеке бюджет жүргізу, қаржылық жоспарлау және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жолдары кеңінен түсіндірілді. Т.Рысқұлов ауданында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және құқықтық көмек көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жобаға аудан тұрғындары белсенді қатысып, қаржылық мәселелерді шешу бойынша тегін кеңестер алды. Жоба барысында азаматтарға несие шарттарын түсіндіру, пайыздық мөлшерлемелерді есептеу, жеке несиелік есепті оқу, қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсіміне өтінім беру бойынша жан-жақты көмек көрсетілді. Сонымен қатар egov.kz, enbek.kz, 1cb.kz платформаларын пайдалану, ЭЦҚ алу және e-Otinish сервисімен жұмыс істеу жолдары түсіндірілді.Тұрғындардың басым бөлігі жобаға қарыз жүктемесінің артуы, коллекторлық ұйымдардың хабарласуы және банк алдындағы міндеттемелерді реттеу мәселелері бойынша жүгінді. Заңгерлер мен қаржы сарапшыларының көмегімен көптеген азаматтардың банк шоттарындағы шектеулер алынып, қарыздарды қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілді.Жоба аясында көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағынан осал топтарға және жұмыссыз азаматтарға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде аудан тұрғындары қаржылық қиындықтарды заң аясында шешу жолдарын меңгеріп, құқықтық қолдау алды.«Қарызсыз қоғам» жобасы Т.Рысқұлов ауданында халықтың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастама ретінде өз тиімділігін көрсетті.
«AMANAT» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалы.
