Балабақша – балғын балалықтың бақытты мекенібақытты

27 Views

Балабақша… Бұл сөздің өзінде сағыныш бар. Себебі дәл осы мекенде бала алғаш рет өмірдің әдемілігін танып, кішкентай жүрегімен үлкен әлемге қадам басады. Мұнда бүлдіршіннің сыңғырлаған күлкісі естіледі, алғашқы достығы басталады, алғашқы тақпағы жатталып, алғашқы арманы оянады. Балабақша – баланың балғын балалығының ең бақытты мекені. Жақында «Іңкәр» бөбекжай- бақшасында өткен «Гүлдер әлемінде қоштасу» атты «Қарлығаш» тобының қоштасу кеші дәл осындай жүрекке жылы, көңілге мұң ұялатқан ерекше сәттерге толы болды. Кеше ғана аналарының қолынан ұстап, балабақша табалдырығын именіп аттаған кішкентай бүлдіршіндер бүгін есейіп, үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Осы бір сәтті ата-аналар да, тәрбиешілер де ерекше толқыныспен қарсы алды.
Кеш шымылдығын балабақша меңгерушісі Армиябек Мадина Бақытқызы ашып, кішкентай түлектерге жүрекжарды тілегін арнады. Оның әрбір сөзі балаларға деген мейірім мен аналық қамқорлыққа толы болды.Бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, мектеп өмірінде биік белестерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді.
Мерекелік кеш барысында балалар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Балалардың балдай тәтті үні мен аңғал күлкісі ерекше жылулыққа бөледі. Кейбір ата-аналар көз алдында өсіп келе жатқан баласының өнерін көріп, еріксіз толқыды. Себебі бұл – жай ғана өнер көрсету емес, балалық шақтың әдемі сәттері еді.
Кештің ерекше бөліктерінің бірі – «Қарлығаш» тобының түлектері әліппені «Қошақан» тобының тәрбиеленушілеріне салтанатты түрде табыстауы болды. Бұл – білімге бастар жолдың символына айналған тағылымды сәт еді.
Сонымен қатар тәрбиелік мәні зор көрініс қойылып, ортаға Жалқаубек келіп:
– Мұнда не болып жатыр? Неге бәрің шулайсыңдар? – деді.Сонда балалар:
– Біз балабақшамен қоштасып жатырмыз. Енді мектепке барып, білім алып, жақсы оқитын боламыз, – деп жауап берді.
Бұл көрініс арқылы білімнің қадірі мен еңбектің маңызы көркем түрде дәріптеліп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Тәрбиеші Қызжібек Берікқызы тәрбиеленушілеріне арнап ән айтып, жүректен шыққан ақ тілегін жеткізді. Жылдар бойы маңдайынан сипап, еркелетіп өсірген бүлдіршіндерімен қоштасу олар үшін де оңай болған жоқ. Әр бала олардың жүрегінен орын алғаны анық сезілді. Кештің ең әсерлі тұсы – балалардың «Қимай тұрмын» әнін орындауы болды. Шеңбер жасап тұрған кішкентай бүлдіршіндер аспанға шар ұшырған сәтте көпшіліктің көңілі босап сала берді. Сол бір сәтте шарлармен бірге балалықтың алаңсыз күндері де қалықтап бара жатқандай көрінді…
Балалардың жанарындағы қимастық, тәрбиешілердің жүрегіндегі сағыныш, ата-аналардың көңіліндегі толқыныс – бәрі бір сәтте тоғысқандай әсер қалдырды. Шара соңында балабақша меңгерушісі Мадина Бақытқызының атынан бүлдіршіндерге естелік ретінде винеткалар табысталып, кішкентай түлектер марапатталды. Ал ата-аналар балаларына мейірім мен тәрбие берген балабақша ұжымына алғыстарын айтып, шынайы ризашылықтарын білдірді. Иә, уақыт зырғып өтеді…
Бүгін балабақшамен қоштасқан бүлдіршіндер ертең мектеп табалдырығын аттайды. Бірақ олардың жүрегінде «Іңкәр» балабақшасының ыстық құшағы, тәрбиешілерінің мейірімі, достарымен бірге өткізген бақытты күндері мен балалық шақтың ең тәтті естеліктері мәңгі сақталары сөзсіз.
«Гүлдер әлемінде қоштасу» атты бұл кеш әр баланың жүрегінде жарқын естелік болып қалса, ата-аналар мен тәрбиешілер үшін балғын шақтың тағы бір парағын жапқан әсерлі әрі тағылымды күн ретінде есте қалды.
Айнұр ДИХАНОВА.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий