Қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы
37 ViewsИлья Жақанов қазақ өнері мен әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалдырған шығармашыл тұлға ретінде танылды. Ол тек әдеби шығармалар жазып қана қоймай, қазақ музыкасының тарихын зерттеуге…
Илья Жақанов қазақ өнері
мен әдебиетінде өзіндік қолтаңба
қалдырған шығармашыл тұлға
ретінде танылды. Ол тек әдеби
шығармалар жазып қана қоймай,
қазақ музыкасының тарихын
зерттеуге де үлкен үлес қосты.
Жазушы ұлттық мәдениетті
дәріптеу арқылы халықтың рухани
байлығын сақтауға қызмет етті.
Қаламгердің әдеби шығармалары
арасында «Қайта оралған ән»,
«Қош бол, вальс» повестері
ерекше орын алады. Сонымен
қатар ол қазақтың әйгілі
қобызшысы Ықылас Дүкенұлы
туралы «Ықылас» романын
жазды. «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Аққулар қонған айдын
көл» секілді әңгімелер мен эсселер
жинақтары оқырман қауымның жоғары
бағасына ие болды. Оның шығармалары
өнер адамдарының тағдырын, ұлттық
құндылықтарды және адамгершілік
қасиеттерді терең бейнелеуімен
ерекшеленеді.
Илья Жақановтың есімі ең алдымен
талантты композитор ретінде халыққа
кеңінен таныс. Оның әндері қазақ
музыкасының алтын қорынан орын
алған. Әсіресе «Жайлаукөл кештері»,
«Еділ мен Жайық», «Қайдасың,
Гауһар?», «Асылым», «Алматы
кешінде», «Нені ойладың?» сияқты
әндері халық жүрегінен ерекше орын
тапты. Бұл туындыларда туған жерге
деген сүйіспеншілік, ұлттық рух, адам
жанының нәзік сезімдері мен өмір
философиясы көркем бейнеленген.
Бүгінде бұл әндер қазақ эстрадасы
мен дәстүрлі өнерінің таңдаулы шығармалары ретінде орындалып
келеді.
Биыл елімізде Илья Жақановтың
90 жылдық мерейтойы кең көлемде
аталып өтті. Оның құрметіне мәдени
кештер, көрмелер және шығармашылық
кездесулер ұйымдастырылды. Бұл
шаралар қаламгердің шығармашылық
мұрасын дәріптеп, оның қазақ
мәдениетіндегі орнының ерекше екенін
тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қорыта айтқанда, Илья Жақанов
– қазақ әдебиеті мен музыка өнерінің
дамуына зор үлес қосқан бірегей
тұлға. Қаламгердің өмір жолы –
еңбекқорлықтың, өнерге адалдықтың
және ұлттық мәдениетке қызмет етудің
жарқын үлгісі.
Мерей СЕЙСЕН,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің
2 курс студенті.