ОТБАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ– ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ

27 Views

Қазіргі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі болып отыр. Зорлық-зомбылық адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзып қана қоймай, отбасының тұрақтылығына, балалардың психологиялық дамуына және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейіне теріс әсер етеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда құқықтық сауаттылықтың маңызы зор. Азаматтар өз құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін білген жағдайда құқық бұзушылықтардың алдын алуға және дер кезінде тиісті органдарға жүгінуге мүмкіндік алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір азаматтың өмір сүруге, қауіпсіздікке, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға құқығы бар. Ешкім физикалық, психологиялық, экономикалық немесе өзге де зорлық-зомбылыққа ұшырамауы тиіс.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мыналар жатады:
– денсаулыққа қасақана зиян келтіру;
– қорқыту және психологиялық қысым көрсету;
– балаға немесе отбасы мүшесіне күш қолдану;
– материалдық тәуелділік арқылы қысым жасау;
– адамның еркін шектеу және құқықтарын бұзу.
Зорлық-зомбылық фактілері орын алған жағдайда азаматтар полиция органдарына, прокуратураға, сотқа немесе Отбасын қолдау орталығына жүгіне алады. Қазіргі таңда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мақсатында заңнамалық жауапкершілік күшейтіліп, профилактикалық шаралар кеңінен жүргізілуде.
Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Әрбір отбасы өзара құрметке, сенімге және жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас қалыптастыруы қажет. Балаларды құқықтық мәдениетке тәрбиелеу, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу және отбасы мүшелерінің пікірін құрметтеу зорлық-зомбылықтың алдын алудың маңызды тетіктері болып табылады.
Отбасын қолдау орталығы азаматтарға құқықтық кеңес беру, психологиялық қолдау көрсету, әлеуметтік сүйемелдеу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Сондай-ақ, FSM Social цифрлық платформасы арқылы қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар анықталып, кешенді көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылады.
Құрметті аудан тұрғындары! Егер сіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, үнсіз қалмаңыз. Уақытылы көрсетілген құқықтық көмек көптеген қиындықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Отбасындағы татулық – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Құқықтық сауаттылық әрбір азаматтың қауіпсіз өмір сүруінің кепілі болып табылады.
«Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің Отбасын қолдау орталығы» КММ-сі.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий