Басты мақсат – халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсету
Жыл сайын 23 маусымда елімізде Мемлекеттік қызметшілер күні атап
өтіледі. Бұл – мемлекет мүддесі жолында аянбай еңбек етіп, халық пен билік
арасындағы сенімді көпірге айналған мемлекеттік қызметшілерге көрсетілетін
ерекше құрметтің белгісі. Қай кезеңде болмасын ел дамуының өзегі саналатын
мемлекеттік қызмет қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің өркендеуінде маңызды
рөл атқарады. Бүгінгі таңда әлем күрделі геосаяси өзгерістер дәуірін бастан өткеруде.
Халықаралық қатынастар жүйесіндегі жаңа үрдістер, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы
мемлекетаралық қақтығыстардың ушығуы, жаһандық қауіпсіздік жүйесінің әлсіреуі,
әлемдік экономикалық жүйедегі тұрақсыздық, экономикалық санкциялар, энергетикалық қауіпсіздік мәселелері, көші-қон үдерістері мен ақпараттық кеңістіктегі түрлі сын-қатерлер
мемлекеттердің тұрақты дамуына кері ықпал етуде. Осындай алмағайып кезеңде әрбір
мемлекеттің беріктігі мен орнықтылығы ең алдымен оның тиімді басқару жүйесі мен кәсіби,
білікті мемлекеттік аппаратының үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Себебі кез келген
сыртқы сын-қатерге жедел әрі жүйелі әрекет ету, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты
сақтау және азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету – мемлекетті басқару сапасының
нәтижесіне байланысты екені анық. Мемлекеттік қызметші – тек белгілі бір лауазым иесі емес. Ол – мемлекет саясатын жүзеге асыратын,
азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті
нығайтуға үлес қосатын тұлға. Мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың
тиімді іске асырылуын қамтамасыз етіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі
жұмыс атқарады. Сонымен қатар жоғары жауапкершілік пен әділдік, сабырлылық, адалдық және
отансүйгіштік сияқты қасиеттерді бойына сіңірген тұлға болуы тиіс.
Қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де ерекше маңызға ие. Жалған ақпараттардың
таралуы, қоғамдық пікірге түрлі ықпал ету әрекеттері өзекті мәселеге айналды. Мұндай жағдайда
мемлекеттік қызметшілер тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс
орната білу қабілетімен де ерекшеленуі тиіс. Өйткені қоғамның мемлекетке деген сенімі ең алдымен
көрсетілетін қызметтің сапасы мен мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі арқылы қалыптасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік аппараттың тиімділігін
арттыруға және халықпен өзара байланысты күшейтуге ерекше назар аударып келеді. «Халық
үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік қызметтің жаңа мәдениетін
қалыптастыруға жол ашты. Бұл бастама мемлекеттік қызметшілерден кәсібилікпен қатар, әділдік,
ашықтық, жауапкершілік және жоғары азаматтық ұстанымды талап етеді.
Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсету. Қай
уақытта да мемлекеттік қызметшілер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық
келісім мен тұрақтылықтың сақталуына өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе қазіргі күрделі
геосаяси жағдайда олардың жауапкершілігі мен миссиясы бұрынғыдан да арта түсті. Себебі
мемлекеттің беріктігі мен қоғамның әл-ауқаты тиімді басқару мен кәсіби мемлекеттік
қызметке тікелей байланысты.
Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана жұмыс емес, ел болашағына қызмет ететін үлкен
жауапкершілік пен сенім жүгі. Сондықтан бұл салада еңбек ететін әрбір маманның еңбегі
– ел дамуының берік тірегі.
Мемлекеттік қызметшілер күні – ел игілігі жолында абыройлы еңбек етіп жүрген
жандарға алғыс айтатын ерекше мереке. Осы атаулы күнде барлық мемлекеттік
қызметшілерге зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс пен толағай
жетістіктер тілейміз. Халықтың сенімін ақтап, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне қосып
жүрген үлестеріңіз әрдайым жоғары бағалана берсін!
Айбек СӘРСЕХАНҰЛЫ,
аудан әкімі аппаратының
бас инспекторы.
