САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Жастар – кез келген мемлекеттің ең
басты байлығы, ал олардың денсаулығы
мен белсенділігі – елдің ертеңгі дамуының
кепілі. Сондықтан бүгінгі күні
жастар арасында салауатты өмір салтын
қалыптастыру, бұқаралық спортты
дамыту және бос уақытты тиімді
ұйымдастыру – маңызды міндеттердің
бірі. Көгершін ауылының жастары спортты
серік етіп, денсаулықты нығайтуға
ерекше мән беріп келеді. Ауыл жастары
футбол, волейбол, қол күрес, еркін
күрес, үстел теннисі және ұлттық спорт
түрлерімен тұрақты айналысып, түрлі
деңгейдегі жарыстарға белсенді қатысуда.
Мұндай белсенділік жастардың
тек спорттық шеберлігін ғана емес,
олардың ұйымшылдығы мен жауапкершілігін
де арттырады.
Жастар ресурстық орталығы жастардың
спортқа деген қызығушылығын
арттыру мақсатында ауылдық округ
әкімдігімен, білім беру ұйымдарымен
және спорт саласының мамандарымен
бірлесіп, түрлі спорттық турнирлерді,
эстафеталарды және бұқаралық спорттық
іс-шараларды ұйымдастырып келеді.
Бұл шаралар жастардың өзара достығын
нығайтып, салауатты өмір
салтын насихаттауға, зиянды әдеттердің
алдын алуға және белсенді азаматтық
ұстанымды қалыптастыруға оң
ықпалын тигізуде.
Президентіміз жастардың жан-жақты
дамуына және бұқаралық спортты
өркендетуге ерекше көңіл бөліп келеді.
Бұл бағытта ауыл жастары үшін де спортпен айналысуға қолайлы жағдай
жасау – ортақ міндет. Себебі спорт
– тек денсаулық кепілі ғана емес,
табандылықтың, тәртіптің және жеңіске
деген ұмтылыстың мектебі.
Көгершін ауылының жастары алдағы
уақытта да спортпен шұғылданып, ауылдың
қоғамдық өміріне белсенді қатысып,
туған жердің мерейін асыратын игі
бастамалардың бел ортасында болады
деп сенеміз. Себебі дені сау, білімді
әрі белсенді жастар – еліміздің жарқын
болашағының негізі.
М. ШАЙСЛАМ,
«Жастар ресурстық орталығы»
КММ-нің Көгершін ауылдық
округінің жастармен жұмыс
жөніндегі маманы.

