ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ — табиғатты қорғаудың кепіліқорғаудың кепілі
ОРМАН – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫ, ТАБИҒАТТЫҢ ТЫНЫСЫ, ЖАНУАРЛАР МЕН ӨСІМДІКТЕРДІҢ МЕКЕНІ. ЖАЗ МЕЗГІЛІНДЕ АУА ТЕМПЕРАТУРАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫЛАУЫ МЕН ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚТЫҢ КҮШЕЮІ ОРМАН ЖӘНЕ ДАЛА ӨРТТЕРІНІҢ ШЫҒУ ҚАУПІН АРТТЫРАДЫ.
Сондықтан оны өрттен қорғау – әрбір азаматтың борышы. Ақыртөбе орман шаруашылығы өрт қауіпті кезеңде орман қоры жерлерінде тәулік бойы бақылау жұмыстарын ұйымдастырып, өрттің алдын алу мақсатында кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Орманшылар күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізіп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, ескерту парақшаларын таратып келеді. Өкінішке қарай орман өрттерінің басым бөлігі адамдардың салғырттығынан орын алады. Сөндірілмеген от, темекі тұқылы, қоқыс жағу немесе басқа да абайсыз әрекеттер салдарынан мыңдаған гектар орман алқабы мен жануарлар дүниесіне орны толмас зиян келуі мүмкін. Осыған байланысты Ақыртөбе орман шаруашылығы аудан тұрғындары мен қонақтарын орманға барған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Орман алқаптарында, рұқсат етілмеген жерлерде от жақпауға,
темекі тұқылын тастамауға, жанғыш қалдықтарды қалдырмауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді. Егер орман немесе дала өртінің белгілерін байқасаңыз, уақыт оздырмай 101 нөміріне немесе Ақыртөбе орман шаруашылығының 7311/3 рация байланысы арқылы дереу хабарлауыңызды сұраймыз. Уақытылы берілген хабарлама өрттің кең аумаққа таралуының алдын алып, табиғат байлығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Орманды өрттен бірге қорғайық, туған жеріміздің табиғи байлығын келер ұрпаққа аман жеткізейік.
«Ақыртөбе ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-сі.

