Сайлауалды күнтәртібі өңірлердің сұранысы негізінде қалыптасып жатыр
Сайлауалды күнтәртібі өңірлердің сұранысы негізінде қалыптасып жатыр
«Байтақ» партиясы бірден бірнеше өңірде кездесу өткізді. Петропавлда еріктілер мен кандидат Алмаз Жакишев үй-үйді аралау форматында жұмыс жүргізіп, партия мәліметінше, 300-ден астам тұрғынмен тілдесті.
Жетісу облысының Мұқыры ауылында кандидат Темірлан Файзулин ауыл тұрғындарымен экотуризмді дамыту мәселесін талқылады. Кандидат Владимир Мартель Алматы ауыр машина жасау зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, өндірісті экологиялық жаңғырту тақырыбын көтерді.
Ал Шымкентте Түркістан көшесінің тұрғындарымен кездесуде жағымсыз иіс мәселесі сөз болды. Сонымен қатар партия өкілдері Алматыдағы №15 емханада медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын, ал Ақтөбе облысындағы балабақшада экологиялық тәрбиені дамыту мәселесін талқылады.
Қазақстан халық партиясы бірнеше облыста еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кандидаттар Болат Смағұлов пен Нұржан Бияқаев Еңбек мобильділігі орталығының ұжымымен кездесіп, жұмыспен қамту мәселесін талқылады.
Атырауда «Банк ЦентрКредит» филиалының қызметкерлерімен, Өскеменде автопарк ұжымымен кездесу өтті. Онда жүргізушілердің жалақысы, кадр тапшылығы және еңбек қауіпсіздігі мәселесі көтерілді.
Қарағандыда кандидаттар «ГорКомТранс» кәсіпорнының ұжымымен, Павлодар облысында дәрігерлік амбулатория мен «Ertis Su» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ партия Қарағанды индустриялық университетіндегі кездесуден кейін 40 адамның партия қатарына өткенін хабарлады.

