Еңбегімен танылған азамат

30 Views

Совет Одағы кезінде елімізге әйгілі, өсіп-өркендеген іргелі, озат шаруашылықтың бірі де, бірегейі де «Луговой жылқы заводы» болғаны баршамызға мәлім. Әр жылдары совхозда еңбек еткен жүздеген еңбек майталмандарының берекелі жұмыстарының нәтижесінде Луговой жылқы заводы мал шаруашылығында да, егін шаруашылығында да, әсіресе жылқы шаруашылығында биік белестерді бағындырып, Одақ, республика, облыс көлемінде жоғары көрсеткіштерге жетіп отырды. Шаруашылықтың жоғары қарқынмен дамуына сіңірген еңбегімен жас ұрпаққа үлгі болар азаматтар аз болған жоқ. Солардың бірі – өмірінің 45 жылын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Есенгелді Сейітқазыұлын айтар едім. Күнделікті өмірімізде әркімнің жақсы-жаманын дұрыс бағалап, ол адамның бітім болмысын анықтап білу адамдардың бәрінің маңдайына жазыла бермегені ақиқат. Кейбір адамдар ұзақ жылдар бойы атқарған ерен еңбектерін, төккен маңдай терін міндет етпей, барға қанағат деп ешкімнен ерекшеленбей қарапайым болып жүре береді. Кейбіреулер сияқты «мен пәлендеймін, мен өйткем, бүйткем» деп айқайламайды. Мен Есенгелді Сейітқазыұлын сондай көкірек көтермейтін, кішіпейіл, сабырлы, абыройлы еңбек еткен адам деп айтар едім. Есенгелді Сейітқазыұлы 1946 жылы 30 мамыр күні Меркі ауданы, Қазақдихан ауылында қарапайым, малшы отбасында дүниеге келген. 1948 жылы бұл отбасы Луговой жылқы заводына көшіп келген. Әкесі Сейітқазы Зәуірбеков Ұлы Отан соғысының ардагері, зейнетке шыққанша Луговой жылқы заводында мал шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткен. Анасы Макила Зәуірбекова шаруашылықта шопан көмекшісі болды. Есенгелді Сейітқазыұлы 1953-1963 жылдары Ақтоған орта мектебінде білім алған. Осы кезде ат спорты мектебінде жаттығып, ат спортынан 2-ші разрядты шабандоз болды. 1963-1967 жылдары Луговой жылқы заводында шопан көмекшісі болып еңбек етті. 1967 жылы Луговой автомектебін көлік жүргізуші мамандығы бойынша бітіріп, Луговой автобазасында 2 жыл жұмыс істеді. 1968 жылдан бастап Луговой жылқы заводында зейнетке шыққанша аға шопан, жылқы шаруашылығының бригадирі және 30 жыл шофер болып абыройлы еңбек етті. Совхоз басшылығы тарапынан бірнеше грамоталармен, алғыс хаттармен, ақшалай және тұрмыстық заттармен марапатталған. Шопан болған кезінде төл алудан Жамбыл облысы бойынша 2-ші орын алып, үлкен сый құрметке бөленіп, облыстың Құрмет грамотасымен марапатталған. Зейнетке шыққан соң да «Луговой жылқы заводы» ЖШС-де 7 жыл шофер болды. Барлық уақытта еңбекте озаттар қатарында болды. Еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін партия қатарына қабылданған. Есенгелді ағамыз құдай қосқан жан жары Тазагүл жеңгей екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп отырған берекелі шаңырақтың иесі, ауылымыздағы өнегелі отбасының бірі. Үлкен қызы Сәуле ұлағатты ұстаз, Құлан ауылында мектеп директорының орынбасары, ұлы Бақытжан – ветеринар, білікті мал дәрігері, келіні Сәуле мектепте жұмыс істесе, қызы Салтанат Тараз мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарады, педагогика ғылымдарының кандидаты. Кіші ұлы Бауыржан Ресейдің Ульяновск қаласындағы әскери академияны бітірген, газ тарату саласында жұмыс істейді. Күйеу балалары да үлгілі азаматтар, Шыңғыс әскери күзет саласында жауапты қызмет атқарады, Нұржан әскери дәрігер, Қазақстан Қарулы күштерінің офицері.
Биылғы жыл өркенді отбасы үшін ырысты, мерейлі жыл болып отыр. Есенгелді ағамыз да, Тазагүл жеңгеміз де мерейлі 80 жасқа толып, қазіргі уақытта қуанышқа бөленіп, өз еңбектерінің жемісін көруде. Табан аудармастан бір шаруашылықта ұзақ жылдар бойы аянбай жұмыс істеген еңбек адамдары Есенгелді ағамыз бен Тазагүл жеңгеміздің мәнді, мағыналы өмірі жалғасын тауып, денсаулықтың арқасында ғұмырлары ұзақ болуына тілектестігімізді білдіріп, 80 жас мерейтойларымен құттықтаймыз.
С.ӨТЕГЕНОВ,
Көгершін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий