Тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні

37 Views

ОСЫ
АТАУЛЫ МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ҚАЛЫПТАСҚАН
ДӘСТҮР БОЙЫНША АУДАНДЫҚ ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ АРНАЙЫ БЕТ ӘЗІРЛЕДІ.
ТІЛШІМІЗ АУДАН ӘКІМДІГІ ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
ЕРЛІК ШАБЕЕВКЕ ДЕ ЖОЛЫҒЫП, ПІКІРЛЕСТІ. ГАЗЕТІМІЗДЕГІ «АЛАМАН» ДЕГЕН АЙДАРДЫҢ
ТІЗГІНШІСІ ДЕ ӘРІПТЕСІМІЗ МАРАТ ДИХАНБАЙ ЕКЕНІН БІЛЕСІЗДЕР. СОНДЫҚТАН БҰЛ
МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ МАТЕРИАЛ ӘЗІРЛЕУ ДЕ ДӘЛ ОСЫ МАРАТҚА ЖҮКТЕЛДІ.
ЕНДЕШЕ, СӨЗ ТІЗГІНІ – ӘРІПТЕСІМІЗДЕ.

Біздің ауданды көп жұрт «Олимпиада
чемпиондары мен жүлдегерлерінің
ауданы» деп атайды. Бұл
дегеніңіз – үлкен мәртебе емес пе?
Артқа шегініс жасасақ, ол солай да
тіпті. Өйткені тарихты ешкім ұмыттыра
алмайды. Париж Олимпиадасында
алтын медаль жеңіп алып, бар қазақты
қуантқан Елдос Сметовтің де намыс-
жігерін көрдіңіздер, иә. Ал, сол дзюдо
спорты тарихында тұңғыш Олимпиада
чемпионы басқа-басқа емес, киелі
Құлан жерінен шыққанының өзі
жоғарыда айтқан сөзімізге нақты мысал
болса керек.
Мақаланың аннотациясында біздің
аудан әкімдігі денешынықтыру
және спорт бөлімінің басшысы Ерлік
Тоғанбайұлына жолыққанымыз жөнінде
жазылды. Рас, біз осы салаға
жауапты бөлім басшысымен жолығып,
тілдестік. Ол аудан бойынша барлығы
209 спорт нысандары, оның ішінде,
6-ауы спорт кешені, 1 стадион, 127-сі
спорт алаңшалары, 21-і футбол алаңы,
54 спорт залдары, 40 кіші футбол
алаңшалары бар екенін айтып берді.
Аталған спорт нысандарының барлығы
аудан тұрғындарына қолжетімді және
ақысыз болып табылатынын және
айтып өтті.
Ерлік Тоғанбайұлының сөзінен
ұққанымыз, 2026 жылдың 6 айында
аудан бойынша денешынықтыру
және спортпен шұғылданушылар
саны жалпы халықтың 44,3 пайызын
құраған. Бұл адам басына шаққанда
– 27 677 адам. Одан бөлек бүгінгі
таңда ауданда 6 спорт мекемесі жұмыс
атқаруда. Оның ішінде Жамбыл
облысы әкімдігінің денешынықтыру
және спорт басқармасына қарасты 2
спорт мектебі, яғни №24, №25 балалар
мен жасөспірімдер спорт мектептері
жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 13
спорт түрінен, яғни еркін күрес, қазақ
күресі, дзюдо, грек-рим күресі, бокс,
волейбол, таэквандо, кикбоксинг, асық
ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, бес тас, футболдан жасөспірімдер спортпен
шұғылданады. Қалған 4 спорт мекемесі
аудан әкімдігінің бағынысында. Олар:
Құлан ауылындағы спорт кешенінің
«Бұқаралық спорттық іс-шараларды
өткізу орталығы», Луговой ауылындағы
спорт кешенінің «№1 балалар мен
жасөспірімдер денешынықтыру клубы
», онда 6 спорт түрі, яғни бокс, еркін
күрес, қазақ күресі, футбол, волейбол
және дзюдодан жасөспірімдер
спортпен шұғылданады. Сондай-ақ,
Ақыртөбе ауылындағы спорт кешенінің
«№2 балалар мен жасөспірімдер
денешынықтыру клубы», онда 3
спорт түрінен, яғни қазақ күресі, қол
күресі, волейболдан жасөспірімдер
спортпен
шұғылданады. Төртіншісі,
№2 БЖДШК-на қарасты Көгершін
ауылындағы спорт кешені. Онда 3 спорт
түрінен, яғни қол күресі, футбол және
волейболдан жасөспірімдер спортпен
шұғылданады.
Айтпақшы жыл басынан бері аудан
спортшылары түрлі республикалық
және халықаралық, облыстық жарыстарда
146 медаль еншілепті. Оның 64-і
алтын, 43-і күміс, 39-ы қола медаль.
Атап айтар болсақ, Әлинұр Қақпанбай
кикбоксингтен Тайланд мемлекетінде
өткен әлем чемпионатында І орын,
еркін күрестен Нұрданат Айтанов
Вьетнам мемлекетінде өткен Азия
чемпионатында І орын иеленгенін айта
кетейік.
Біздің газет ұдайы «Аламан» айдарында
ауданымызда өткен іс-шаралар
туралы жазып жүр. Біз Ерлік
Тоғанбайұлынан шешілуді қажет ететін
мәселелерді сұрап, білдік. Мінеки, өз
жұмысын жетік білетін басшы. Іркілген
жоқ. Қалай риза болмайсың.
«Халықты инфрақұрылыммен қамтамасыз
ету 2025 жылы 71,5% құрады,
ал 2026 жылға жоспар бойынша
75,0% пайызға жеткізу. Спорттық
үйірмелерде
спортпен шұғылданушы
жасөспірімдер саны 2080 баланы
құрайды. 2025 жылы Құлан ауылында
1 дене шынықтыру және сауықтыру
спорт кешенінің құрылыс жұмыстары
басталып, 2026 жылға өтпелі. Құрылыс
2026 жылдың қазан айына пайдалануға
беру жоспарлануда. Ауданда 40 кіші
футбол алаңшалары орналасқан. Оның
ішіндегі 7 кіші футбол алаңдарына
Жаңатұрмыс, Қаракемер ауылында
орналасқан алаңдарға күрделі жөндеу,
ал Жалпақсаз, Р.Сәбденов, Бәйтелі,
Сөгеті және Қайыңды ауылдарындағы
кіші футбол алаңшаларына ағымдағы
жөндеу жұмыстары қажет. Мамай-
Қайыңды ауылына кіші футбол алаңшаларын
салу қажеттілігі бар. 2026-
2030 жылдарға бұқаралық спортты
дамыту мақсатында бас жоспарға сәйкес
5 дене шынықтыру сауықтыру
спорт кешендері қажет. (Тереңөзек,
Өрнек, Құмарық, Көкдөнен, Каменка
ауылдарына).
Спорт саласындағы өзекті мәселе
Құлан ауылындағы К.Бекебаев атындағы
орталық стадионды күрделі
жөндеуден
өткізу қажет (К.Бекебаев
атындағы орталық стадионға күрделі
жөндеу (реконструкция) жұмыстарын
жүргізу үшін 2023 жылы жергілікті
бюджеттен бөлінген 2,5 миллион
теңгеге жобалық сметалық құжаттар
дайындалып, құрылыс-монтаж жұмыстарына
қаражат бөлу үшін бюджеттік
өтінім облыстық құрылыс басқармасына
тапсырылды. Жоба құны
– 456,5 миллион теңгені құрайды» деді.
Барша спорт ардагерлері мен
жаттықтырушыларды, спортшыларды
кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз.

«Құланнан талай мықты спортшы шыққан. Ол алдағы уақытта да шыға береді. Біз оны нық
сеніммен айта аламыз. Өйткені бұл мекеннің аурасы сондай. Әйтпесе, бұл өңір бекерден-бекер
«Киелі Құлан» деп аталмас еді. Киелі Құлан жерінің атын айдай әлемге алдымен Олимпиада
ойындарында атақты Абсент танытты. Абсенттің 1960 жылғы Римдегі алтыны мен 1964 және 1968
жылдары Токио мен Мехикодағы қос қоласын аудан жұртшылығы қалай ұмытсын. Одан кейін
даңқты боксшымыз Ермахан Ибраимовтың 1996 жылғы Атлантадағы қоласы мен 2000 жылғы
Сиднейден жеңіп алған алтыны тағы бар. Содан соң Сиднейден олжалы оралған жауырыны
қақпақтай Ислам Байрамуков сынды жерлес балуанымыздың күміс жүлде еншілегеніне де 20
жылдан асып кетті. 2012 жылы Лондон шаһарында өткен төртжылдықтың басты додасында
Ақжүрек Таңатаровтың тұғырдың үшінші сатысынан қол бұлғаған сәті әлі күнге дейін көз
алдымызда. 2016 жылы Бразилия астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада
ойындарында дзюдодан Елдос Сметов күміс медаль еншілегенде құландықтардың қалай
қуанғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2021 жылы Жапония астанасы Токио қаласында
Олимпиада ойындары өтті, білесіздер. Даңқты дзюдошы, жерлесіміз Елдос Сметов Токио
татамиінде белдесіп, Олимпиаданың алғашқы күнінде-ақ ел қоржынына бірінші болып қола
жүлдені салды. Биыл Елдосымыз Париж Олимпиадасында чемпион атанды. Бұл дегеніңіз,
бір аудан үшін айтарлықтай жетістік емес пе?»

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий