Ақын қаламындағыАқын қаламындағы Тараз бен мәңгілік махаббат

38 Views

Ақын үшін тарихты білу бір бөлек те, сол тарихты
оқырманына сезіндіре білу бір бөлек. Ал, өткен дәуірді
оқырманның көз алдына тірілтіп, оның адамын
сөйлетіп, табиғатын сөйлеттіріп, сол заманның ауасын
сезіндіру – ақынның суреткерлік қуатын танытатын өлшем.

Осы тұрғыдан келгенде, Хамит  Е с а м а н н ы ң             « А й ш а   б и б і » поэмасы ақынның тарихи оқиғаны
баяндаушы ғана емес, әдебиетте «көркем әлем жасай алатын шебер суреткер» екенін танытады.
Поэмадағы оқиға Тараздың топырағында өрбігенімен, оның эмоциялық кеңістігі әлдеқайда ауқымды.
Мұнда махаббат, тағдыр бар, сағыныш, қайғы бар… Бірақ осының б ә р і н  б і р  а р н а ғ а  т о ғ ы с т ы р ы п
тұрған – ақынның суреткерлік көзі.
Ол кейіпкерді ғана суреттемейді, ол
кейіпкердің көңіл-күйін табиғатқа
көшіріп, табиғатты кейіпкердің ішкі
жан дүниесіне айналдырады. Поэманың
басындағы:
«Сол кезеңде өзен жағалауынан,
Сынық қанат аққу көрді сыңсыған.
Жалғыз қалған жаралыдай жаһанда,
Қайран аққу,
Жетім сынды жапанда» – деген
жолдарға назар аударсақ, ақынның
үлкен көркемдік тәсілін аңғарамыз. Бұл
жерде аққу – жай ғана құс емес, ол –
алдағы қасіреттің көлеңкесі. Қарахан
әлі ештеңені білмейді. Оқырман да
трагедияның толық сырын білмейді.
Бірақ ақын табиғат арқылы болашақ
қайғы-қасіретті алдын ала сездіреді.
Сол сынық қанат аққу кейін жалғыз
қалған Қараханның да, тағдырдан
жараланған
махаббаттың да символына
айналады. Мұндай көркем детальдың
күші – поэмада бір сәтке
ғана қызмет етпей, шығарманың
өн бойында мағына жинауында.
Поэманың соңына қарай сол аққу қайта
оралады. Бастапқыда біз оны табиғат
көрінісі деп қабылдасақ, соңында оның
махаббат трагедиясының көркем  баламасы екенін түсінеміз. Міне,
суреткер ақынның шеберлігі осында.
Ол оқырманға бәрін дайын күйінде
айтып бермейді, ол образ тудырады.
Ал, образдың сырын оқырманның өзіне
тапқызады…
Хамит Есаманның Айша бейнесін
жасау тәсілі де назар аударуға лайық.
Айшаны «сұлу еді» деп сипаттау
жеткіліксіз екенін автор жақсы түсінеді. Сондықтан оның сұлулығын
Қараханның жүрегіне түскен әсер
арқылы көрсетеді:
«Айшаның ақ нұрына әлем шомып,
Тіршілік түгелімен түрленеді…
Қиссадағы хор қызы осы ма екен,
Қараханның жүрегін жарық
қылған». Мұнда ақынның бір ғана
«жарық қылған» деген бейнелі сөзі –
тұтас психологиялық суретке айналып
тұр. Айшаның сұлулығы Қараханның
көзіне ғана түспейді, онымен бірге әлем
өзгереді. «Тіршілік түгелімен түрленеді»
деген жолдың көркемдік салмағы да осында. Шын ғашық болған адамның
көзқарасында дүниенің өзі өзгеретіні
бар емес пе? Ақын осы психологиялық
шындықты құр философиялық сөйлеммен
түсіндірмейді. Оны табиғаттың
өзгеруі арқылы көрсетеді.
Бұл – хас суреткерлік!
Поэманың тағы бір ерекшелігі
– ақынның
жарық пен қараңғыны,
көктем мен қасіретті, гүл мен жараны
бір-біріне қарама-қарсы қойып отыруы.
Айша келгенде:
«Алтын түсті нұр тамшылап тұр
көктен,
Көз қуанған керемет кез бұл
неткен?!». Көктем келеді. Гүл ашылады.
Дала түрленеді. Екі жүрек бақытқа
бөленеді. Бірақ осы жарықтың ар
жағында трагедияның қара көлеңкесі
тұр. Бұл – поэманың эмоциялық архитектурасы.
Бақыт неғұрлым жарық
болса, қасірет соғұрлым ауыр сезіледі.
Ақын мұны жақсы сезінген. Сондықтан Айшаның өлімі
оқырманға жай ғана оқиға ретінде
емес, жарық дүниенің бір сәтте
қарауытып кеткеніндей әсер етеді.
Ақынның суреткерлік қуаты махаббатты
суреттеген тұста тіпті
анық байқалады. Ол екі жастың сезімін артық пафоспен ауырлатпайды. Кейде
үнсіздік
арқылы береді: «Үнсіз ұғып
екі жас бірін-бірі, Өздерінше бір ойға
бекінеді». Бұл – махаббаттың ең нәзік
сәті. Екі адамның бір-бірін сөзсіз
түсінуі. Сөздің қажет болмай қалуы.
Көздің сөйлесуі. Жүректің жүректі
тануы. Осы тұста ақын махаббаттың
табиғатын жақсы ұстайды: шын
сезімнің бәрі сөзбен айтылмайды. Суреткер ақынның міндеті де – айтылмаған нәрсені сезіндіру.
Әлем әдебиетінде махаббатты жырлаған
ұлы шығармалар көп.

Шекспирдің Ромео мен Джульеттасы,
Низамидің Ләйлі мен Мәжнүні,
Дантенің Беатричесі бар. Олардың
әрқайсысы өз дәуірінің, өз мәдениетінің
махаббат символына айналды.«Айша
бибі» поэмасындағы Айша да осындай
биік көркем образға ұмтылады. Бірақ
оның ерекшелігі – бұл бейненің Тараздың
тарихи кеңістігімен біте қайнауында.
Айша – жай ғана сұлу қыз емес. Ол – Т а р а з ды ң         м а х а б б а т символы. Қарахан – жай ғана
ғашық жігіт емес, ол – махаббатты
жоғалтқаннан кейін оның мәнін
тереңірек түсінген тұлға. Ал, Тараз
– жай ғана оқиға өтетін мекен емес.
Ол – осы махаббаттың үнсіз куәгері.
Ақынның Таразды суреттеуі де оның кең
тынысты суреткер екенін байқатады.
Ол қала тарихын құр деректер тізбегі
ретінде бермейді.
Керуендерді, алыстан келген елдерді,
кітаптарды, өнер мен мәдениетті бір
арнаға жинай отырып, Тараздың өзін
көркем кейіпкер дәрежесіне көтереді.
Сөйтіп оқырман Таразды тек көне
қала ретінде емес, өмір сүріп тұрған
өркениеттік кеңістік ретінде қабылдайды.
Бұл жерде ақынның суреткерлігі
тарихи материалды көркем
детальдарға айналдыра білуінен
көрінеді. Ол қалаға жан бітіреді, өзенге
үн қосады, далаға мінез береді.
Ал, аққуға тағдыр жүктейді,
гүлге сезім дарытады. Кесенені
махаббаттың белгісіне айналдырады.
Поэманың ең үлкен көркемдік
шешімдерінің бірі – Айша өмірінің
сәулет өнеріне айналуы. Айша он сегіз
жасында дүниеден өтеді. Бірақ оның
ғұмыры сол жерде тоқтамайды.
Қарахан оның басына кесене салғызады.
Осы жерде ақындық ойдың өзі
биіктейді:
Он сегіз жылдық ғұмыр – мәңгілік
ескерткішке айналады. Адам өмірі
қысқа, ал өнер ұзақ.
Жүрек тоқтайды, тас қалады. Адам
кетеді, өрнек қалады. Біз «Махаббат
жоғалады», деп ойлаймыз. Бірақ ол
өнерге айналса, ғасырларды басып
өтеді. Сондықтан «Айша бибі кесенесін
тек сәулет ескерткіші» деп қабылдау
аздық етеді. Ол – тасқа айналған
махаббат. Ал, осы махаббатты қайтадан
сөзге, жырға айналдырып
отырған құдірет – ақынның қаламы.
Поэманың финалындағы аққу образы
осының бәрін түйіндейді. Басында
аққу жаралы еді. Соңында жалғыз
аққу қалады. Яғни, басында оның қасіреті
түсініксіз еді. Соңында оның
жалғыздығы Қараханның жалғыздығымен
астасады. Бұл – поэмадағы көркемдік шеңбердің ең әсерлі тұстарының бірі. Ақын бір детальды кездейсоқ
енгізіп ұмытып кетпейді, оны  есте ұстайды, өсіреді, тереңдетеді.
Соңында сол деталь шығарманың
бүкіл трагедиялық мағынасын арқалап
шығады. Бұл – композициялық
шеберлік, бұл – символдық ойлау, бұл – суреткерлік.
Шын суреткердің ерекшелігі – ол оқырманға
«мұнда қайғы бар» деп айтпайды, ол қайғыны көрсетеді.
«Мұнда махаббат бар» деп жарияламайды, махаббатты сезіндіреді.
«Тараз ұлы қала болған» деп құр
сөйлемейді. Керісінше Тараздың
тынысын сезіндіреді. «Айша сұлу
еді» деп тоқтамайды, Айша келгенде
дүниенің өзі түрленетінін көрсетеді.
Міне «Айша бибі» поэмасының
көркемдік қуатын осындай тұстардан
көруге болады. Сондықтан Хамит
Есаманды тек тарихи тақырыпты
жырлаған қаламгер ретінде бағалау
жеткіліксіз. Ол – тарихи материалдан
көркем әлем жасай алған суреткер.
Оның қаламында табиғат – декорация
емес, табиғат – кейіпкердің ішкі жан
дүниесінің айнасы. Оның қаламында
аққу – құс емес, аққу – тағдыр. Оның
қаламында гүл – гүл емес, гүл – жастық
пен сұлулық. Оның қаламында кесене –
құрылыс емес, кесене – махаббаттың
уақытқа қалдырған қолтаңбасы. Ал, Айша – бір адамның аты ғана емес, ол – мәңгілік махаббаттың
көркем бейнесі. Сондықтан «Айша бибі» поэмасын оқып отырып, ақынның ең басты шеберлігіне қайта-қайта ораласың. Ол бізге тарихты айтпайды, көрсетеді. Махаббатты түсіндірмейді, сезіндіреді. Қасіретті
жар салмайды, жүрекке жеткізеді. Таразды суреттеп қана қоймайды, тірілтеді.
Міне нағыз суреткерлік деген осы! Бәлкім, поэманың ең үлкен құдіреті де осында шығар. Айша өмірден өткен.
Қарахан да ғасырлар қойнауында қалды.
Олардың заманы алыстап кетті. Бірақ
ақынның қаламы сол алыстағы дәуірдің
есігін келер ұрпаққа қайта ашып отыр.
Есіктен кіргенде бізді бірінші болып
тарих қарсы алмайды, махаббат
қарсы алады.
Ал, махаббаттың ар жағынан Тараз көрінеді. Тараздың ар жағынан тарих көрінеді. Тарихтың ар жағынан
адам көрінеді. Ал, адамның ар жағынан
– мәңгілік көрінеді. Сондықтан бұл поэманың құдіреті
бір ғана Айша мен Қараханның тағдырында емес, оның
құдіреті – он сегіз жылдық махаббатты ғасырларға
жететін көркем әлемге айналдыра алған ақынның
суреткерлік қолтаңбасында.
Гүлсара БАЙДАНОВА,
әдебиет сыншысы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий