ӘКЕ ТӘРБИЕСІ – тұлға қалыптастыру негізі
Отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы
мектебі. Ал сол мектептегі
әкенің
орны ерекше. Қазақ халқы ежелден
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап
қыз өсер» деп, әке өнегесін бала тәрбиесінің
маңызды бөлігі ретінде бағалаған.
Әкенің сөзі, ісі, отбасына деген жауапкершілігі
мен балаға көрсеткен үлгісі
– баланың болашақ тұлғалық қалыптасуына
тікелей әсер етеді.
Әке – отбасының тірегі ғана емес,
балаға бағыт-бағдар беретін тұлға.
Бала әкесінің еңбекке деген көзқарасын,
адамдармен
қарым-қатынасын, үлкенге
құрметін,
кішіге ізетін көріп өседі. Сондықтан
әкенің әрбір әрекеті бала үшін
үлкен тәрбие мектебі.
Қазіргі таңда бала тәрбиесіне уақыт
бөлу – аса маңызды мәселелердің бірі.
Жұмысбастылық, тұрмыстық жағдай,
заманауи технологиялар ата-ана мен
баланың арасындағы тікелей қарым-
қатынасты азайтып барады. Осындай
кезде әкенің баласымен ашық сөйлесуі,
оның қызығушылығын білуі, қуанышы
мен мәселесіне ортақтасуы өте қажет.
Әке тәрбиесі тек ақыл айтумен
шектелмейді. Балаға жауапкершілікті іс
арқылы үйрету маңызды. Үй шаруасына
көмектесу, үлкендерге қамқорлық
көрсету, уәдеде тұру, еңбекті бағалау,
қиындыққа мойымау сияқты қасиеттер
баланың күнделікті өмірде көрген
өнегесі арқылы қалыптасады. Әсіресе
ұл бала үшін әкенің орны бөлек. Ұл бала
әкесінен азаматтық жауапкершілікті,
еңбекқорлықты, сабырлылықты,
отбасына қамқор болуды
үйренеді.
Ал қыз бала әкесінің отбасындағы
анасына деген құрметін көре отырып,
ер азаматтың әйелге деген сыйластығын
түсінеді. Сондықтан әкенің
отбасындағы мәдениеті
мен мінез-
құлқы баланың болашақтағы
қарым-
қатынасына да әсер етеді. «Балапан
ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»
деген халық даналығының мәні терең.
Баланың бойына жақсы қасиеттерді
қалыптастыру үшін ата-ана алдымен өзі
үлгі болуы керек. Әке баласына «еңбек
ет» деп айтып қана қоймай, еңбегімен
үлгі көрсетсе, «үлкенді сыйла» деп
айтып қана қоймай, өзі үлкенге құрмет
көрсетсе, бала сөзден бұрын әрекетті
қабылдайды.
Әкенің балаға бөлген уақыты – оның
тәрбиесіне салынған үлкен инвестиция.
Бірге кітап оқу, спортпен айналысу,
табиғатқа шығу, үй шаруасын бірге
атқару немесе жай ғана әңгімелесу
– баланың әкесімен эмоционалдық
байланысын нығайтады. Мұндай
қарым-қатынас баланың өзіне деген
сенімін арттырып, кез келген қиындықта
әкесінен ақыл сұрауына мүмкіндік
береді.
Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы.
Оның бойындағы адамгершілік, жауапкершілік,
отан сүйгіштік, еңбекқорлық
сияқты қасиеттердің қалыптасуына
отбасының
ықпалы зор. Ал отбасы
тәрбиесінде
әкенің белсенділігі қоғам
үшін де маңызды.Сондықтан әр әке
баласына уақыт бөліп, оның жүрегіне
жол табуға тырысуы керек. Балаға
қымбат сыйлықтан гөрі әкенің жылы
сөзі, қолдауы, сенімі мен өнегесі әлдеқайда
маңызды.
Ұрпақ тәрбиесі – баршаға ортақ
міндет. Ал жақсы тәрбие көрген бала –
отбасының ғана емес, тұтас қоғамның
болашағы. Әке тәрбиесі берік отбасында
ертеңіне сенімді, жауапкершілігі мол,
елін сүйетін азамат қалыптасады.Әкенің
өнегесі – баланың өмірлік бағдары. Ал
дұрыс бағыт алған ұрпақ – жарқын
болашақтың кепілі.
Г.ЖИЕНБАЕВА,
«Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің
жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімінің
«Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің
Отбасын қолдау орталығы»
коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің әлеуметтік жұмыс
жөніндегі маман.
