АУДАН ӘКІМІ АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

23 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов
Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығына сәйкес, Абай ауылдық округінің
тұрғындарымен кездесіп, аудан аумағында
атқарылып жатқан жұмыстардың барысын
баяндады.
Кездесудің басты мақсаты – ауылдың әлеуметтік-
экономикалық дамуындағы жетістіктерді саралап
қана қоймай, тұрғындарды толғандырған өзекті
мәселелерді ашық талқылап, оларды шешудің
нақты жолдарын айқындау. Соңғы жылдары Абай ауылдық
округінің инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен
1,1 млрд теңге қарастырылып, бірқатар әлеуметтік
маңызы зор жобалар жүзеге асырылды. Бұл – ауылдың
тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды
жұмыстардың айқын көрінісі. Атап айтқанда,
ұзындығы 12,3 шақырымды құрайтын «Қарақат»
жерасты су каналының құрылысы жүргізіліп, көше
жолдарын жөндеу және жарықтандыру, балалар
ойын алаңдарын орнату, саябақтарды абаттандыру
бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылды.
Аталған жобалар ауылдың ажарын айшықтап
қана қоймай, бүгінде тұрғындарға қолайлы орта
қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен
елді мекеннің дамуы күн тәртібіндегі мәселелердің
күн сайын жаңарып отыратынын көрсетеді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары
өздерін толғандырған бірқатар түйткілді мәселелерді
де ортаға салды. Атап айтар болсақ,
жер кезегіне  қатысты мәселелерді шешу, ескірген электр
бағаналарын жаңарту, жаяу жүргіншілерге арналған
жолдар салу, интернеттің сапасы мен жылдамдығын
арттыру жөніндегі ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар тұрғындар ауылға мәдениет үйі
мен спорт кешенін салу мәселесін де көтерді.
Кәсіпкерлік саласына қатысты мәселе де назардан
тыс қалмады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында
іске қосылған «Аллан» макарон цехының иелері
кәсіпкерлік нысанның өндірістік қуатын арттыру
үшін электр желісінің мүмкіндігін кеңейтіп,
қажетті  қуатты қамтамасыз ететін арнайы трансформатор
орнатуға ықпал етуді сұрады. Бұл ұсыныс ауылдағы
шағын және орта бизнесті  дамыту, жаңа жұмыс орындарын сақтау мен көбейту тұрғысынан маңызды  екені сөзсіз.
Кездесу  барысында тұрғындардың талап-тілектері
мен ұсыныстары мұқият тыңдалып, әр мәселенің
шешу жолдары талқыланды. Аудан әкімі көтерілген
мәселелердің барлығы тиісті деңгейде қаралып,
олардың толық шешімін тапқанға дейін тұрақты
бақылауда болатынын атап өтті. Жиын соңында
жауапты тұлғаларға нақты хаттамалық тапсырмалар
берілді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий