Бір биік боп қаларыма сенем, бек…

16 Views

АУЫЛДА ТҰРЫП, ҚАРАПАЙЫМ ҒҰМЫР КЕШКЕН,
ӨЗІ ЖАЗҒАН ӨЛЕҢДЕРІ АРҚЫЛЫ МҰҚЫМ ҚАЗАҚҚА
ЕСІМІ ЕЛЕУЛІ БОЛҒАН АҚЫН ҚУАНДЫҚ ШОЛАҚ
ӨМІРДЕН ӨТСЕ ДЕ, ОНЫҢ ЛИРИКАҒА ТОЛЫ
СЫРШЫЛ ПОЭЗИЯСЫ ОҚЫРМАНДАРДЫҢ МӘҢГІ
ЖҮРЕГІНДЕ. ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҚШЫСЫНА
АЙНАЛҒАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ
ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ ӨЗІ «ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНДА
ЕКІ ШОЛАҚ БАР. БІРІНШІСІ – БАЛУАН ШОЛАҚ
БОЛСА, ЕКІНШІСІ – ҚУАНДЫҚ ШОЛАҚ» ДЕГЕН
СӨЗІНІҢ ӨЗІ ҚУАНДЫҚ АҚЫННЫҢ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ
ҚАНДАЙ БИІКТІКТЕ ЕКЕНІН АҢҒАРТЫП ТҰРҒАНДАЙ.
БҮГІНГІ ГАЗЕТТІҢ НӨМІРІНДЕ БІЗ АҚЫН ҚУАНДЫҚ
ШОЛАҚТЫҢ БІР ТОП ӨЛЕҢДЕРІН СІЗДЕРДІҢ
НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНЫП ОТЫРМЫЗ.

БІР БИІК БОП
Қадыр да емен, Тұманбай да емеспін,
Шахановқа шендестірер жоқ ешкім.
Талғап, толғап аз жазса да саз жазар,
Қоңыр әуен – Қуандық қой демес кім?
Армандаған шығуды ойлап шепке есен,
Альпинистей қиындықпен беттесем.
Өнердегі өресі озық өр тұлға.
Боп қалсам деп мұз жастанып, от кешем.
Жаратылған жан секілді ем өлең деп,
Жүре алмаспын жер бауырлап, төмендеп.
Алты алашты аспандатар дара, оқшау,
Бір биік боп қаларыма сенем, бек.
АУЫЛДАҒЫ АҚЫННЫҢ КҮНІ
ҚҰРСЫН
Көңілінің қиылған гүлі қыршын,
Туғаны да түсінбес сыры тылсым.
Жүрегінің көзінен жас парлаған,
Ауылдағы ақынның күні құрсын.
Жетсем деп ем арманға алып қанат,
Сындырғаны-ай сағымды салқын қабақ.
Өлмес үщін келемін, өлең қайда-а-а-а,
Бір сиыр мен бес ешкі артын қарап.
Әкелгендей қырмызы гүл ап көктем,
Өмірді өзге қырынан жыр етпек те ем.
Жыр жазудың орнына ертелі-кеш,
Түспей қойды-ау қолымнан күрек-кетпен.
Жағдайымның жайсызын біле тұрып,
Тығырыққа тықсырып тіреді ұлық.
Жыр жазатын күн қайда-а-а-а, еш алаңсыз,
Тоқ көңілмен жайлы үйде жылы отырып.
Дей алам ба қоғамым төр ұсынды?
Әрине, жоқ, кернейді шер ішімді.
Көкірегімді сондада бермей келем,
Итке сыртын қампайтқан бөрі сынды.
ДӘМЕМ БАР
Келешектің керуеніне алаңдар,
Маған, бәлкім, күлерсіңдер, жарандар.
Генералдық шен аңсаған сарбаздай.
Атақ, мансап, лауазымнан дәмем бар.
Жасын жанар, жігерлі ер санаңдар.
(Артық айтсам, тақияма қоғам тар).
Шау тартқам жоқ, шабытымның шағы бұл,
Жиырма бестің көңілінен дәмем бар.
Басы бүтін билеп алған санамды ар
Өзгелерге, өзіме тән бағам бар.
Патша көңіл не дгізбес, керексе
Патшалықтың өзінен де дәмем бар.
Жырдан ләззат алар адал жан, аңғар,
Түйінінен, түйсігіммен табам нәр.
Ұрпақтарым ауызымнан тастамас,
Мәңгіліктің ауылынан дәмем бар.
ЖАЗҒЫ БАҚ
Кеткен үйдей бірлігі, ынтымағы,
Тал бастары ұйытқып жұқынады.
Қара бұлттар желіккен бауырынан,
Құтылғысы келгендей бұлқынады.
Сыбырға үні ұласып күбірге үні,
Сәмбі талдар етегі түрілді ірі.
Желді күнгі желпінген көлеңкелер,
Тепкілейді аяусыз бірін-бірі.
Түлеген дала көркі жаңа қандай
Бүршігін өсімдіктер жаяр қалмай.
Кезең бұл, бар дүние оянғандай.
Ақ қайың айдын көлге төне қапты,
Сұлу қыз айна алдында боянғандай.
Түлеген дала төрі жаңа қандай,
Гүл иісі таза ауамен тарағандай.
Қырқалар көңілді аулап, көзді арбайды,
Кестелі қыз сыйлаған орамалдай.
Көк пен жер жасағандай бір-біріне ем,
Ұшықтап ақ жаңбырмен тынды білем.
Қыр төсі құлпырып тұр, табаныма
Әлдекім төсенгендей гүлді кілем.
Әлде бір жотата жер кеппеген,
Боз мұнар мұнартады белде ептеген.
Көк төсі жұқа ақша бұлт, аппақ бормен
Жазғандай көк параққа өрнекті өлең.
Қашанда сабақтасқан нұрмен бірге,
Табиғат сыйы екенін білген кім де.
Жігіттей қыз таңдаған, байыз таппай
Қонады көбелектер гүлден гүлге.
ШӨП ШАБЫҚ, ПІСІКШІЛІК
Бұлт қалқып аспандағы ала шарбы,
Кигендей аймақ көйлек жаңа сәнді.
Барады қыр шөптері сыпырылып,
Сағынып қалғандайын дала шалғы.
Көңілді сүйсінтердей ел еңбегі,
(сірә, осы, төккен тердің төленгені)
Тайланған шөптер жатыр бір сызықта,
Қойлардай бұршақталған көгендегі.
Қалғандай көк ерніне ұшық шығып,
Қаратау қабағына түсіпті бұлт.
Таласа шөп шабықпен сары табан.
Кезіп жүр егін-жайды пісікшілік.
ЖАЗҒЫ ЫМЫРТ
Шау тартқан кез шілденің шіліңгірі,
Өр өзеннің қайра бар түрінде ірі.
Қойлар сынды тар жолда топырласқан,
Кимелейді толқындар бірін-бірі.
Табылардай қожыр құз көңіл емі,
Аңғар қуып аңқылдақ жел үреді.
Асау өзен арындап азуға сап,
Қос қапталын тынымсыз кеміреді.
Алып бір күш тұрғандай артында нық,
Аунағандай бауыры жарыл қағып,
Соңғы сәуле ойнайды толқынменен,
Секіре ойнап жатқандай алтын балық.
Ар жағынан түпсіздің қолын көріп,
Көлеңкелер келеді соңында еріп.
Ымырт деген інісі, ақшам деген
Ағасына тұрғандай жолын беріп.
Әнін еркін айта алмай бұлбұл ашық,
Табанымен қап-қара қырды басып,
Көлге келіп құлаған қос өзендей,
Ымырт, ақшам барады түнге ұласып.

 

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий