ОТБАСЫ – қоғамның берік негізі

27 Views

Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Отбасындағы өзара түсіністік, сыйластық
пен жауапкершілік қоғамның тұрақтылығына тікелей
әсер етеді. Осы бағытта аудан әкімдігінің «Отбасын
қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіп, өмірлік
қиын жағдайға тап болған отбасылармен жүйелі жұмыс
жүргізіп келеді. Орталықтың бүгінгі қызметі, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы «Құлан таңы» газетінің тілшісі
«Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Қожаберген Айгүл
Алдабергенқызынан сұрап білген еді.

– Айгүл Алдабергенқызы,
ең алдымен, Отбасын қолдау
орталығының негізгі мақсатына тоқталсаңыз?
– Отбасын қолдау орталығының негізгі мақсаты – қиын
өмірлік жағдайға тап болған
отбасыларға дер кезінде қолдау
көрсету, олардың мәселесін
ерте анықтап, тиісті көмекті
ұйымдастыру. Біздің басты қағидамыз – отбасы мүшелерінің
мәселесін жеке қарастырмай,
кешенді түрде шешуге ықпал
ету.
Орталықта азаматтарға психологиялық, әлеуметтік және
құқықтық бағыттар бойынша
қызмет көрсетіледі. Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдармен, денсаулық сақтау, білім
беру, ішкі істер және басқа да
мекемелермен бірлесіп жұмыс
жүргіземіз.
– Қиын жағдайдағы отбасыларды қалай анықтайсыздар?
– Қазіргі таңда отбасыларды
ерте анықтауға ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта FSM Social
ақпараттық жүйесі арқылы келіп
түсетін сигналдармен жұмыс
жүргіземіз. Сонымен қатар азаматтардың өздерінің жүгінуі,
мемлекеттік органдардан жолданған ақпараттар және мобильді топтардың жұмысы арқылы отбасылардың жағдайы
зерделенеді. Сигнал түскеннен
кейін мамандар отбасының
тұрмыс жағдайын, әлеуметтік
мәселелерін, балалардың жағдайын зерттеп, қажеттілігіне
қарай жеке сүйемелдеу жоспарын
әзірлейді.
– Орталық мамандары нақты қандай көмек көрсетеді?
– Әр отбасының мәселесі
әртүрлі. Бір отбасына психологиялық кеңес қажет болса,
екіншісіне құқықтық түсіндіру,
үшіншісіне әлеуметтік көмек
немесе мемлекеттік қолдау шараларына бағыттау қажет болуы
мүмкін.
Психологтар отбасылық қарым­қатынас, эмоционалдық
қиындықтар, ата­ана мен бала
арасындағы түсініспеушілік секілді мәселелер бойынша кеңес
береді. Заңгер азаматтардың
құқықтық сауаттылығын арттырып, құқықтары мен міндеттері
бойынша түсіндіру жұмыстарын
жүргізеді. Әлеуметтік мамандар
мемлекеттік және әлеуметтік
қызметтерді алуға бағыттап,
отбасының қажеттіліктерін шешуге көмектеседі.
– Отбасындағы зорлықзомбылықтың алдын алу
бағытында қандай жұмыстар
жүргізілуде?
– Бұл – біздің жұмысымыздағы маңызды бағыттардың
бірі. Зорлық­зомбылықтың алдын алу тек орын алған жағдайға әрекет етумен шектелмеуі
керек. Ең бастысы – оның алдын
алу, ерте кезеңде анықтау және
отбасындағы келеңсіз жағдайды
ушықтырмай шешуге ықпал ету.
Осы мақсатта тұрғындармен,
жастармен, ата­аналармен, білім
алушылармен ақпараттық­түсіндіру кездесулері өткізіледі.
Отбасындағы өзара сыйластық,
гендерлік теңдік, жауапты атаана болу, бала қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылық мәселелері
кеңінен түсіндіріледі. Сонымен
қатар мобильді топ мүшелерімен
бірлесіп, елді мекендердегі отбасылардың жағдайын зерделеу
жұмыстары жүргізіледі.
– Орталықтың қызметінде
мобильді топтардың рөлі қандай?
– Мобильді топтар – отбасыларға көмек көрсетудің маңызды
тетігі. Әсіресе ауылдық жерлердегі тұрғындардың мәселесін
дер кезінде анықтап, қажетті
мамандардың көмегін ұйымдастыруда олардың жұмысы
маңызды.
Мобильді топ құрамында
бірнеше саланың мамандары
бірлесіп жұмыс атқарады. Бұл
отбасының мәселесін жан­жақты
зерделеп, бір ғана бағытпен шектелмей, кешенді көмек көрсетуге
мүмкіндік береді.
– Қиын жағдайға тап болған азаматтар орталыққа өздері жүгіне ала ма?
– Әрине. Көмек сұрау –
әлсіздік емес. Керісінше мәселені
шешуге жасалған алғашқы қадам
деп есептейміз. Кей азаматтар өз
мәселесін айтуға ұялады немесе
«өзім шешемін» деп ұзақ уақыт
күтеді. Алайда мәселе ушығып
кеткеннен кейін көмек көрсету
әлдеқайда қиын болуы мүмкін.
Сондықтан кез келген азамат
қиындық туындаған жағдайда
мамандардан кеңес ала алады.
Біздің мақсатымыз – адамды
сынау емес, оның жағдайын
түсініп, мүмкіндігінше нақты
көмек көрсету.
– Жастар мен балаларға
қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Жастар мен балалардың
профилактикалық жұмыстарына
ерекше көңіл бөлеміз. Себебі
отбасылық мәдениет, өзара сыйластық, жауапкершілік сияқты құндылықтар бала кезден қалыптасады.
Білім беру ұйымдарында
құқық бұзушылықтың алдын алу,
буллинг, зорлық­зомбылыққа
жол бермеу, салауатты қарымқатынас, гендерлік теңдік, болашақ отбасына жауапкершілікпен
қарау тақырыптарында кездесулер өткізіледі.
Жастарға «Отбасы құру – тек
сезім емес, үлкен жауапкершілік»
екенін түсіндіру маңызды.
– Орталықтың алдағы жоспарлары қандай?
– Алдағы уақытта да отбасыларды ерте анықтау және сүйемелдеу жұмысын жетілдіруді,
профилактикалық іс­шараларды
көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Жас отбасыларды және
аудан жастарына арналған «Некеге дейінгі оқыту» курсын
ұйымдастырып жатырмыз.
Сонымен қатар ауылдық округтердегі тұрғындармен жұмысты күшейтіп, азаматтарға
көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мән береміз. Мемлекеттік органдармен
және қоғамдық ұйымдармен
өзара байланысты одан әрі
нығайту да басты бағыттардың
бірі.
Біздің ең үлкен нәтижеміз
– қандай да бір статистикалық
көрсеткіш емес, қиын жағдайдағы отбасының өз мәселесін
шешіп, қалыпты өмірге қайта
оралуы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Аудан тұрғындарына қандай тілегіңіз бар?
– Барлық аудан тұрғындарының отбасыларына береке,
татулық пен түсіністік тілеймін.
Отбасы – әр адамның қорғаны,
ал берік отбасы – тұрақты
қоғамның негізі.
Егер қандай да бір қиындық
туындаса, оны жалғыз шешуге
тырыспай, дер кезінде көмек
сұраған жөн. Отбасыға көрсетілген қолдау – қоғамның болашағына жасалған инвестиция.
Отбасын қорғау орталығының есігі әр азамат үшін
ашық. Басты мақсатымыз –
отбасыларға қолдау көрсету,
олардың қиындықтан шығуына
ықпал ету және әр шаңырақтың
берекесі мен тұрақтылығын сақтауға үлес қосу.
Орталықтың мекенжайы:
Құлан ауылы, Достық көшесі
1Б. Телефон: 87473702776.
Сұхбаттасқан
М.ЖОЛДАСБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий