Мықты мұғалім әрқашан мектептің тірегі
16 ViewsБарлық балада талап бар. Яғни, оқушының бәрі бірдей. «Жаман оқитын, я оқымайтын» деп бөлуге болмайды біздіңше. Оқушы оқымаса, жауапты оқыта алмайтын мұғалім өзінен іздеуі…
1 қазан – Халықаралық қарттар
күніне орай, аудандық кітапхананың
ұйымдастыруымен «Қарттарым – асыл
қазынам» атты тағылымды кездесу
кеші өтті.
Іс-шараға ауданымыздың ардагерлері
мен ақ жаулықты әжелер, кітапхана
қызметкерлері және оқушылар қатысты.
Кештің басты мақсаты – қазыналы
қарттарды құрметтеу, олардың өмірлік
тәжірибесі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа
үлгі ету, жас буынның үлкенге деген
сый-құрметін арттыру.
Кездесу барысында оқушылар
күмбірлеген күй тартып, жүрекжарды
жырларын оқып, қонақтарға көтеріңкі
көңіл күй сыйлады. Кітапхана қызметкерлері де ардагерлерге арнап поэзиялық
шығармалар оқып, ізгі тілектерін білдірді. Ал ақ жаулықты әжелер әсем
әндерін орындап, кештің сәнін келтірді.
«Атадан – ақыл, әжеден – өсиет»
атты кітап көрмесі ұйымдастырылып,
көрмеге қойылған тағылымды әдебиеттерге шолу жасалды. Кітап көрмесі арқылы халқымыздың салт-дәстүрі,
ұлттық тәрбие, үлкеннің өнегесі мен
ұрпаққа қалдырған өсиеті кеңінен насихатталды.
Кеш барысында ардагерлер өздерінің жүріп өткен өмір жолдарынан сыр
шертіп, жастарға ақ батасын беріп,
жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Қариялар – елдің өткенін білетін, бүгінін
бағалап, ертеңіне бағыт-бағдар беретін
рухани қазына. Олардың әрбір айтқан
сөзі мен берген ақылы – кейінгі ұрпақ
үшін баға жетпес мұра.
«Қарттарым – асыл қазынам» атты
кездесу кеші аға буын мен жас ұрпақты
жақындастырып, үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу сияқты ұлттық құндылықтардың маңызын айқындай түсті.
Қариясы бар елдің – қазынасы бар.
Сондықтан үлкенге құрмет көрсету –
ұрпаққа міндет, елге өнеге.
Гүлмира ЖАМАНБАЕВА,
аудандық кітапхананың
кітапханашысы.