Еңбегі еленген ардагерлер

48 Views

ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТІП, ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІҢ
САҚТАЛУЫНА ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС ҚОСҚАН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ
САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ ҚАШАНДА ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ.
ОЛАРДЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ МЕН ҰЗАҚ ЖЫЛҒЫ АДАЛ ҚЫЗМЕТІ –
КЕЙІНГІ БУЫНҒА ӨНЕГЕ.

10 қараша – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ардагерлер
күнінің 3 жылдығына орай, алғашқы рет аудан көлемінде аудандық полиция
бөлімінде іс-шара өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Ғабдоллаұлы,
аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық полиция
бөлімі бастығының міндетін атқарушы Асылбек Абдраимов және сала ардагерлері
қатысты. Шараны аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы
Бекетай Орманбеков ұйымдастырды.

Салтанатты жиында аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы
Бекетай Орманбеков ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін
білдірді. Ол өз сөзінде:
– Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ел
тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы қажырлы
еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Өз өмірлеріңізді ел қауіпсіздігіне
арнап, қызметтік борыштарыңызды адалдықпен, батылдықпен және қайсарлықпен
атқардыңыздар. Бүгінгі бейбіт те тұрақты өмірімізде сіздердің де қосқан үлестеріңіз
өлшеусіз. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға береке
мен амандық тілеймін. Артымыздан ерген жас буынға әрқашан ақылшы болып,
ортамызда аман-есен жүре беріңіздер, – деді.
Одан кейін сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, бірқатар ардагерлер аудан
әкімінің «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Құрмет грамотасымен,
Алғыс хаттарымен, сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің Алғыс хаттарымен
марапатталды. Атап айтқанда, Бекетай Орманбеков, Қали Несіпбай, Бауыржан
Таштанов және Марат Абдирахманов аудан әкімінің «Ауданға сіңірген еңбегі
үшін» медалімен марапатталса, Бақытжан Садырбаев, Марат Барменов, Ниғматулла
Исаев, Кәмен Наметқұлов аудан әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Аудан
әкімінің Алғыс хатымен Е.Бекенов, Ш. Дәулетқұлов, М.Нұрбаев, К.Айылшаев
марапатталды. Ал аудандық полиция бөлімінің Алғыс хатымен Т.Таттыхожаев,
И.Қиялбеков, Ж.Ниязқұлов, М.Ермуратов, Е.Қорағаев, А. Әбішов, Қ.Әлімқұлов,
Е.Тілеукеев, Ж.Ноғайбаев марапатталды.
Ардагерлерге құрмет көрсетумен қатар, өмірден өткен әріптестің де есімі
ескерусіз қалмады. Жиын соңында ұйымдастырушылар ішкі істер органында
қызмет атқарған марқұм Әбілжан Белгібаевтың шаңырағына барып, отбасына
сый-сияпат табыстады.
Бір кездері ел тыныштығы үшін аянбай еңбек еткен ардагерлерге осындай
құрмет көрсету – олардың қызметіне деген ізеттің, еңбегіне деген алғыстың айқын
көрінісі. Өткенге тағзым етіп, ардагерлердің өнегелі жолын ұлықтау – кейінгі
ұрпақтың парызы.
Бекетай ОРМАНБЕКОВ,
аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлерінің төрағасы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий