ЫЖДАХАТТЫЛЫҚ БАР ЖЕРДЕ…
Аудандағы саяси органның есебін тыңдауға аудандық құқықтық органдардың, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, аудандық мәслихат депутаттары мен саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, қауымдастық төрағалары, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері келді. Есеп беру жиналысын аудан әкіміЕ.С.Садырқұлов ашып, баяндама жасау үшін алғашқы сөзді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Әміреұлы Тілеповке берді.
Баяндамашы өз сөзінде өткен жылдағы атқарылған жұмыстарға терең талдау беріп, 2022 жылға арналған сайлау процесіне қатысушыларды сайлауалды оқытудың күнтізбелік жоспарының жобасымен таныстырып өтті. «Ауданымызда бір аумақтық сайлау комиссиясы мен 35 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Оның құрамына бес саяси партия мен 67 қоғамдық бірлестік кіреді. 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың аудандық сайлау комиссиясымен бірлесе отырып, заң талаптарына сәйкес өткізілді. 2021 жылғы 25 шілдеде өткен 8 ауылдық округтегі ауыл әкімдерінің сайлауы да демократиялық талапқа сай ұйымдастырылып, 24 үміткердің ішінен халық өз қалаулыларын таңдады». М.Тілепов өз сөзінде сайлау кезіндегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылы, комиссиялардың қызметін ақпараттық қолдау, оны қаржылық және құжаттамалық жағынан қамтамасыз ету, үгіт-насихат жұмыстары туралы да жан-жақты баяндап өтті.
Баяндаманы талқылау бойынша бірінші болып сөз алған аудан әкімі аппаратының басшысы Жеңіс Әділов сайлау процесіне қатысушыларды сайлауалды оқытудың күнтізбелік жоспарының сайлау комиссиясымен келісе отырып жүргізілгенін, оған байланысты дайындық жұмыстарының қалай ұйымдастырылғанын айтты. Одан соң аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қ.Бижанов, №362-ші учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ержан Бошқаев, Жаңатұрмыс ауылының әкімі Ерсайын Қуандық осынау саяси науқан туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Ал, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзаққұлы Айдапкелов әр деңгейдегі сайлау науқандарының өту деңгейіне баға бере келіп, сайлаушы мәдениетін қалыптастыру, төте және электронды сайлаудың ерекшеліктері туралы өз ойын екшей келіп, сайлаушылар құқығы туралы пайымын да ашып айтты.
Жиын соңында С.Ө.Айдапкелов осы саяси науқандарды өткізуде белсенділік танытқан Тұрарбек Садыханұлы мен Қанатбек Мұратұлына облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
«Құлан таңы» ақпарат.