Береке – бірліктен бастау алады

474 Views

Құрметті төл газетіміздің оқырмандары! Еліміздің ХІХ-ХХ ғасырдағы тарихына үңілетін болсақ, Патшалы Ресейдің реформасы кезінде қазақ даласына Ресейден, Украинадан және Беларуссиядан бір миллионнан астам шаруалар қоныстанған. Ал 1930 жылдары біздің елге мыңдаған шаруалар жер аударылып келді. Өнеркәсіп құрылыстарына 1 миллионнан астам адам жұмылдырылды. 

Сталин режимі кезінде Қазақстанға Солтүстік Кавказдан 507 мың адам, сондай-ақ, орталық өңірден 102 мың поляк, 800 мыңдай неміс, шығыстан 18 мың 500 кәріс отбасылары жер аударылып келді. Саяси қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріндегі 11 арнаулы лагерлерде мыңдаған тұтқындар болды. Тұтқыннан босағандардың көпшілігі Қазақстанда тұрақтап қалды. Қазақстанға Ұлы Отан соғысы кезінде 350 мың адам эвакуацияланды. 1950-1956 жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді. 1960-жылдардың бас кезінде халқымыз дүнгендерге де пана беріп, бауырына басқанын білеміз. Сөйтіп, Қазақстанда қолдан жасалған көп этносты халық қалыптасты. Әрине, қазақ жеріне өз еркінен тыс келген бұл адамдардың ешқандай кінәсі жоқ. Иә, сонымен жоғарыда аталған кезеңдерінде тарих тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп, қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі мекен болып, алтын бесікке айналды. Кеңестік дәуірде Қазақстан: – «Халықтар достығының лабораториясы» деп аталғанын да білеміз. Елімізде Тәуелсіздік жылдары барлық этностар біртұтас ұйысқан халыққа айналды. Қазір Қазақстанда 130-дан аса этнос және 17 діни конфессия өкілдері, сондай-ақ, облысымыз бен ауданымызда да жергілікті қазақ ұлтымен бірге бірнеше өзге этностар татулық пен келісімде өмір сүруде.
Біздің елімізде биыл жетінші рет 1 Наурыз – Алғыс айту күні ретінде атап өтіліп келеді. Алғыс айту күні – бұл ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған еліміздің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бүгінгі таңда татулық ұғымы еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қаты­настың өнегелі өлшеміне айналды. Еліміздегі Алғыс айту күні үйлесім мен өзара түсіністік орнатқан, бірлік пен ынтымаққа негізделген мемлекеттік саясаттың көрінісі. Алғыс айту арқылы адамдар арасындағы түсіністіктің, сыйластықтың жаңа қыры ашылды. Өткен ғасырда солақай саясаттың құрбаны болып, депортацияға ұшыра­ған түрлі этнос өкілдері бір үзім нанды бөлісіп жеп, үйлеріне паналата білген дарқан көңіл, қонақжай қазақ халқына ризашылық білдіріп, риясыз көңілдерін білдіруде. Біздің ауданымыздың да жергілікті тұрғындары сонау 1940-шы жылдары қиын-қыстау кезеңде өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатса да, өзге ұлт өкілдерін өз үйлеріне құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанды бөліп жеді. Бүгінгі күні олар «біз қазаққа бауыр басып кеттік» деп елдегі татулығымызға ризашылы­ғын білдіруде. Өте орынды. Бұл – елдегі татулық пен бірліктің көрінісі. Иә, ел бірлікте болса, алынбайтын қамал жоқ. «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің халқымыз талай тар жол тайғақ кешуді басынан өткерген. Қиындықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құндылықты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек» деп, ел бірлігінің маңыздылығын еске салды. Мейірімділік пен қайырымдылыққа баулитын адамдар бойына ізгі қасиеттер дарытатын «Алғыс айту күні».
Еліміз­дің түкпір-түкпірінде жақсылық жасап жарысып жатқан азаматтары­мыз күн сайын көбейіп келеді. Біздің ауданымызда да жаны жомарт азамат­тар баршылық. Оларға алғысымыз шексіз. Сүйікті газетіміздің мінберін пайдалана отырып, Ш.Мырзалиев басқарып отырған ауданымыздың ден­саулық сақтау саласының барлық қызметкерлеріне, М.Базарова басқа­рып отырған ауданымыздың барша ұс­таз­дар қауымына, О. Омарбеков басшылық жасайтын аудандық поли­ция бөліміне абыройлы еңбектері үшін зор алғыс айтқым келеді. Қымбат­ты жерлестер, баршаңызды «Алғыс айту күні» мерекесімен құттықтай­мын. Әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!

С.Өтегенов,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: