Шоқ тілді Шона
15 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Жалпы, мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, тек тәрбие ғана бермей, мектеп табалдырығынан бастап, ес білгеніңе дейін білім нәрін беріп, ақыл-ойыңды кеңейтуге септігін тигізуші де адам. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқан екен. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру.
Менің өмірімде жақсы көретін ұстаздарым көп. Олардың бірі және бірегейі – Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Рахия әпкей Тоқтағұлова. Бүкіл өмірін ұстаздық жолға арнаған әпкейім ұзақ уақыт Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте мұғалім болды. Биология пәнінен сабақ берді. Бізге табиғатты тануға, дүние танымымызды қалыптастыруға, тылсым оқиғаларға ғана үңілуге емес, жалпы тіршіліктің бастауынан сол кезге дейінгі тарихи даму жолдарынан сабақ бере отырып, жаңадан өсіп келе жатқан жас өскіндерге жаңа бағыт, адал жолмен, білім жолымен жүруді үйретті.
Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен.
Сол сияқты бізге де бұл кісінің үйретері көп болды. Бүгінгідей тәуелсіз елміздің 30 жылдығын атап өтіп, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан қазіргідей жарқын кезеңге жетіп отырғанымыздың өзі – осындай өз ісіне, мамандығына адал ұстаздардың арқасы деп білемін.
Н.Жамалбеков,
Т.Рысқұлов ауданы әкімінің бас инспекторы.