Бір кем дүние
Хрущевтің екі беті
Сталиннің көзі тірісінде оған бір ауыз қарсы сөз айта алмаған Хрущев ұлы көсем өлгеннен кейін оны жерден алып, жерге салды.
Сөйтіп, Хрущев өлген соң Неизвестный деген суретші оның моласының басына қойған ескерткішті бір беті ақ, бір беті қара бояумен бояпты.
Бір кем дүние.
Сарыала қаз
Жазушы Оралхан Бөкей:
– Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз
Жайлаған алты ай жазға сарыала қаз.
Шолпандай таң алдында туып батқан,
Қайтейін, о, дүние, ғұмырым аз,
– деп ән салушы еді.
Бір кем дүние.
Ұятсыз болма
Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады.
Бір кем дүние.
Имансыз болма
Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай.
Бірақ Иман жоқ.
Ең сорлы адам сол.
Бір кем дүние.
Қисық заң
Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді.
Бір кем дүние.
Жоғалған тіл
«Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.
Қазақшасы жоқ.
Бір кем дүние.
Ақсақ Темірдің аманаты
Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:
– Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқайлап, қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.
Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.
Бір кем дүние…
Құр алақан
Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер – Александр Македонский – Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi.
Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi.
Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге:
– Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, – деп алақан ашып көрсеткенi екен.
Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған…
Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды.
Бiр кем дүние…
Мұрагерсіз патша
Баяғыда бір патша, өзі Құдай емес, Құдайдан былай емес бола тұрса да, бір ұл балаға зар болыпты.
– Ұлым болса, мұрагерім болар еді-ау, – деп армандайды.
Сонда бір уәзірі ақыл айтады.
– Бұл өмірде армансыз әйел болса, сол әйелдің дамбалын өз жұбайыңызға кигізсеңіз, Құдай бұйыртса, ұл бала табады, – дейді.
Содан соң патша жер-жерге шабармандар шаптырады.
Бірақ еш жерден армансыз әйел табылмайды. Бәрінің әйтеуір бір арманы бар.
Шабармандар салдары суға кетіп, бастары салбырап қайтып келе жатса, әріректе бір қатын отын арқалап бара жатыр екен. Шабармандар:
– Бұл байқұста арман жоқ деймісің, – деп бұрылғысы келмесе де, – кім біледі, мүмкін, жолымыз болар, – деп әлгі әйелді атқа мінгестіріп ала кетеді.
Патша алдына келгенде, патша сұрайды:
– Шыннан арманың жоқ па? – деп. Сонда әлгі отын арқалаған қатын:
– Е, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ, қараң қалғыр! – деп қойып қалыпты.
Бұл да бір кем дүние.