Тарихтан тамыр тартқан мереке

507 Views

Тағдырын Табиғат-анамен тамырластырған халқымыз үшін Наурыз – жыл басы, жаңару мейрамы. Әз-Наурыздың тарихы тереңде. Сан ғасырдан бері Ұлы дала төсінде ізгіліктің нұрын шашып, табиғатпен үндесе мерекеленіп келе жатқан бұл күннің маңызы мен мазмұны да теңдессіз.

Наурызда аспан денелері өздерінің ең басты нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Еліміздің кей өңірлерінде бұл күнді – «Амал, Көрісу мерекесі» деп атаса, бір жерлерде «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп ерекше әспеттейді. Ал, Шығыс және Орталық Қазақстан аймағын қоныстанған халық арасында айтулы мереке «Отамалы» деген атауға ие. Бірақ, әр аймақ түрлі атау бергенімен, Наурыздың бар қазақ үшін мұраты бір, ол – бауырмалдық пен ауызбіршілік. Расымен де, Наурыз – береке мен бауырмалдықтың, ауызбіршіліктің мейрамы. Ұлыс күні қазан толып, арқа-жарқа болған ағайынның кеңпейілді көңілінің өзі көктемнің алғашқы күндерін ерекше шуаққа бөлеп, нұрландырып жіберетіндей. Бұл ай – әр адам жақынына жылы сөз айтып, жыл сайын бір-бірімен аман-саулықта жүздесуді нәсіп еткені үшін, іштей тәубе етуге үндейтін сауабы мол ай. Бұл жөнінде «Бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні» турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де жақсы жазылған. Демек, адам мен адамның бір-біріне амандық тілеп, әр таң сайын есен-сау жүздесуіне шүкіршілік ете білуінің өзі үлкен ғибратты һәм сауапты іс.
Көрісу күні ағайын арасындағы ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып, табысады, араздық ұмытылады. Бұл күні табиғатпен бірге адам жаны да жаңарып, тазарып, мұнтаздай күйге түседі.
Ұлыстың Ұлы күні: «Ұлыс – оң болсын, ақ – мол болсын», деген тілек айтылып, жеті түрлі дәмнен жасалған сыйлы ас – Наурыз көжені қадірлі қонақтарға тарту еткен. Көже құрамына кіретін дәмдер де, қазақ ұғымындағы киелі жеті санымен сәйкес келеді. «Ас көп болсын» деген ырыммен көжеге сүрленген немесе жас ет қосқан. Сонымен қоса «ұрпағымыз жайылып, көбейсін» деген ұғыммен тамырдан өсіп-өнген дәнді дақылдар араластырып, дайындаған. «Сүттей ұйып отырайық, іргеміз берік болсын» деген ұғыммен ежелден қастерлейтін, ағарғанын, яғни айран-сүтін қоса қатқан. Наурыз көжеге дәм беретін соңғы, жетінші тағам ретінде тұзды қосқан. Еліміздің әр өңірінің тұрғындары бұл ұлттық тағамымызды өз өлкесінің үрдісі бойынша өзгеше, түрлі дәмдермен даярлайды. Наурыз көжеге қосылатын дәмдер молшылықтың, тоқшылықтың, сәттіліктің, байлықтың, бақ пен берекенің белгісі деп саналған.
Г.Абдуанова,
Т.Рысқұлов аудандық «Тілдерді оқыту» бөлімшесінің штаттан тыс оқытушысы.

Поделиться ссылкой: