Жарқын болашаққа деген сенімді арттырды
Жаңа Жолдау Қазақстан тарихының жаңа парақтарын ашып бергендей әсер қалдырды. Бұл – бір. Екіншіден, Президенттің Жолдауы халқымыздың жарқын болашаққа деген сенімін арттырды. Ұлттық рухымызды күшейтті.
Мемлекет басшысы қай салаға басымдық беру керек екенін анық айтты. Сол бастаманың тамырын, елдің іштегі тілегін ел Президенті дөп басты деп ойлаймын. Әсіресе, көп жылдар бойы халықтың аузында ғана айтылып жүрген Д.Қонаевтың есімін жұртшылық қолдаса, Қапшағай қаласының атауын кемеңгер басшының есімімен атауды қолдайтынын жеткізді. Бұл дегеніміз – үлкен қуаныш.
Сонымен қатар, Президенттің айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін сатып алулар тәртібін жеңілдету – маңызды қадамдардың бірі болмақ. Осының аясында бюрократиялық кедергілер мен формализмді жоюға екпін қойылады. «Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесе аталған тапсырмаларды жүзеге асыру тетіктерін тыңғылықты пысықтап, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды даярлау кезінде ескеруді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның жергілікті өзін-өзі басқару туралы еуропалық хартияны ратификациялауы бойынша мәселені пысықтау керек екенін айтты. Бұл өз кезегінде осы салада базалық халықаралық құжат болып саналады. Бұған дейін хабарланғандай, Президент нақты құзыреттерді орталықтан өңірлерге беру қадамдары жалғасатынын айтты.
Мемлекет басшысының жариялаған шешімдері қандай мұқияттылықпен қабылданса, алға қойылған міндеттерді де дәл солай жүзеге асыру – аса маңызды. Жаңа Жолдау жүрегімізден айрықша орын алғанымен келісесіздер деп ойлаймын.
Ербол ӘБУТӘЛІПОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.