Колледж студенттері журналистпен жүздесті

569 Views

Өткен аптаның сенбісінде басылым тілшілері көршілес жатқан мерейлі Меркі жеріне арнайы барып қайтты. Ондағы мақсаты – қарымды қаламгер, дарынды журналист, жерлесіміз Сейсен Қожекенің Меркідегі №9-шы колледждің студенттерімен кездесу кешіне қатысу.

Қатыстық. Адалын айту керек, кездесу кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Келелі кездесу ардагер журналисттің сөзіне жазылған «Киелі менің Құланым» атты әуезді әнімен басталды. Әнді нақышына келтіре орындаған аудандық «Сұлутөр» халықтық ансамблінің әншісі Ерболат Дәулетұлы білімгерлер қошеметіне бөленді. Содан соң дәл осындай қошеметпен сахна төріне кездесудің басты кейіпкері шақырылды. Дәл осы ыстық ықыластан мерейлі меркіліктердің қаламгермен кездесу сәтін көп күткенін аңғардық. Оны кеш барысында колледж басшылығы да сөз етті.
– Құрметті білімгерлер және колледж оқытушылары! Біз бүгін онға жуық кітаптың авторы, журналист, аудармашы, ақын, жазушы ағамыз Сейсенбай қажы Шәмінұлы Қожекемен кездесіп отырмыз. Бұл – тарихи сәт. Шыны керек, біз бұл кездесуді көп күттік. Бірақ пандемияның талаптарына сәйкес кездесе алмай келдік. Бүгін шын қуаныштымыз. Қаламыңыз қарымды, жазарыңыз көп болсын, – деген колледж басшылығы Сейсен Қожекеге арнайы тапсырыспен дайындалған қолөнер туындысын естелік ретінде сыйға тартты.
Кездесу кеші әрмен қарай «Сұхбат» айдарымен жалғасты. Кеш жүргізушісі арнайы келген қонаққа әр түрлі бағыттағы сауалдарды қойып, сыр-сұхбат құрды. Сейсен Қожеке қажылық, әдебиет, білім мен ғылым тақырыбында сөз өрбітіп, кештің көркін келтірді. Сондай-ақ, кеш барысында ақынның сөзіне жазылған әндер айтылып, оларды Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілері Мадина Сағынбекова мен Қайсар Көкіш орындап берді. Сонымен қатар, іс-шара барысында ақынның аудармалары мен өлеңдері оқылды. Бәрін айт та, бірін айт колледжде өткен кездесуде қарымды қаламгердің болмысы, бітімі толық ашылды.
Кеш соңында Сейсен Қожеке арнайы шақырған колледж ұжымына алғыс айтып, өз ризашылығын білдірді.

Жәнібек СҰЛТАН.
Меркі ауданы.

Поделиться ссылкой: