Әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғаяды

361 Views

Азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерін белгілеу үшін Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі (бұдан әрі — ЕТКД) және айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі — АЕК) қолданылады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, жыл сайын белгіленеді. Осылайша, Үкімет халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін болдырмау үшін тұрақты шаралар қабылдауда.
Бүгінде барлық әлеуметтік төлемдер (зейнетақылар мен жәрдемақылар) инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, жыл сайын индекстеледі.
Бұған дейін инфляция дәлізінің болжамы 4-6 %-ды құраған болса, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап инфляция дәлізі 8-10 %-ға дейін қайта қаралды.
Мәселен, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің немесе айлық есептік көрсеткіштің шама­сы­нан есептелетін жәрдемақылар мен базалық зейнетақының мөлшері 5 %-ға (инфляцияның орташа болжамының деңгейі) арттырылды.
Осыған сәйкес, жасына байланыс­ты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері инфля­ция­ның болжамды деңгейінен 2%-ға оза отырып, индекстеліп, оның мөлшері жыл басынан бері 7 %-ға арттырылған еді.
Енді, үстіміздегі жылдың 1 сәуірі­нен бастап инфляция дәлізін қайта қарауды ескере отырып, тағайын­далған зейнетақылар мен жәр­дем­ақылардың мөлшерін тағы да 4 %-ға индекстеу жоспарлануда, бұл жиын­ты­ғында базалық зейнетақы мен жәрдемақылардың 9 %-ға, ал жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақылардың 2021 жылмен салыстырғанда 11 %-ға өсуін қамтамасыз етеді.
Бүгінгі күні ҚР Парламентінің Сенатында қаралып жатқан «2022-2024 жылдарға арналған республика­лық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап, айлық есептік көрсеткіш 3 180 теңгені, ең төменгі күнкөріс деңгейі 37 389 теңгені құрайтын болады.
2022 жылдың 1 сәуірінен бастап бар­лық зейнетақы алушыларға жа­сына байланысты және еңбек сіңірген жыл­дары үшін зейнетақы төлемде­рі­нің мөлшері 4%-ға арттырылады, бұл рет­те зейнетақының ең төменгі мөлшері 48 032 теңгені құрайды;
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 20191 теңгені, ең жоғары мөлшері – 37 389 теңгені құрайды.
Жаңадан тағайындалатын зейнет­ақы мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 146 280 теңгені (46 АЕК) құрайтын болады.
Мемлекеттік бюджеттен төлене­тін барлық жәрдемақылар түрі АЕК-тің жә­не ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюымен, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап өсетін болады.
Осылайша, зейнетақылар мен жәр­демақыларды жоғары мөлшерде төлеу «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл ретте 1 сәуірден бастап Заңға қол қойылған айға дейінгі өткен төлемдер қайта есептеледі, ал тиісті қосымша төлемдер кезекті зей­нетақы немесе жәрдемақы төлеумен жүргізілетін болады.
Әлеуметтік қорғау және
көші-қон комитетінің

Жамбыл облысы бойынша департаменті.

Поделиться ссылкой: