Жобаның бес бағыты бойынша жұмыс жалғасады

436 Views

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бейнеконференция-байланысы режимінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғ­жа­новтың төрағалығымен өткен кеңеске қатысты.
Аймақ басшысы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындылары туралы баяндады.
Пилоттық жобаның бес бағытын қаржы­лан­дыруға республикалық бюджеттен 7,2 миллиард теңге (2,5 пайызбен несие беру үшін), жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге (5 пайыз) бөлінді.
Пилоттық жобаның бірінші кезеңінде 10 ауданның 11 ауылдық округі қамтылып, 2489 өтінім несиелендірілді.
Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағы­ты бойынша пилоттық ауылдық округтерде орналасқан 7856 ауладағы 932 гектар жерге екі айна­лыммен жеміс-көкөніс және бақша өнімдері егілген. Нәтижесінде 978,7 млн. теңгені құрайтын 11,5 мың тонна өнім өндірілген. Сондай-ақ, 14 жылы­жай құрылысына 119,2 млн. теңге бөлінген.
Екінші бағыт бойынша (мал шаруашылығын дамыту) ауыл тұрғындары 6,9 миллиард теңгеге 45 мыңнан астам мал сатып алған. Пилоттық ауылдық округтерде 4243 тонна ет және 8304 тонна сүт өндірілді.
Үшінші бағыт аясында (ауыл сыртындағы бос жерлерді тиімді пайдалану) алынған малды арзандатылған жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында 228 шаруа қожалығы мен 1509 коопе­ратив мүшелерінің ауыл сыртындағы жерлері біріктірілді. Жалпы біріктірілген 10 113 гектар жерді игеруге қажетті сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау заттарын сатып алу үшін 230,1 млн. теңгеге айналым қаражаты есебінен коопера­тивтер қаржыландырылды.
Төртінші бағыттың мақсаты – кооперативтерді жабдықтау десек, барлығы 11 кооператив 972,4 млн. теңгеге 190 бірлік ауыл шаруашылығы техни­касын сатып алды.
Бесінші бағыт – бизнес-жобаларды қаржы­ландыру. Бұл бойынша 11 жобаны іске асыруға 56,2 млн.теңге қаралған. Нәтижесінде 27 жаңа жұмыс орны құрылып, 145 тонна өнім (нан, бал, кондитерлік өнімдер) өндірілген.
– Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған пилоттық жобаның өңірдің дамуы үшін маңызы зор. Осы жобаның арқасында 589 жаңа жұмыс орны ашылды, жұмыссыздар саны 194 адамға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны 1058-ге қысқарды. Қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге дейін өсті, немесе 165 пайызға өсті. Жобаның бес бағыты бойынша жұмыс жалғасады. Жоба аясында қайтарылатын несие қаражаты есебінен тағы 3 ауылдық округтің тұрғындарын несиелендіру жұмыстары жүргізілуде, – деп түйіндеді сөзін Нұржан Нұржігітов.
Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, Жамбыл облысының тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болуы керектігін баса айтты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: