«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ МОБИЛЬДІ ҚАБЫЛДАУЫ Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДА ӨТТІ
Партия облыстық филиалының жанынан құрылған мобильді топ Т.Рысқұлов ауданының Ақниет және Қайыңды ауылдық округтерінде болды. Ауданның шалғай екі ауылдық округінде 512 аулада 2500-ге жуық халық тұрады.
Сәуір айының өзінде 5 ауданның 10 шалғай ауылдық округтеріне барып, халықпен жүздесуді жоспарлаған партияның мобильді қоғамдық қабылдауының құрамында облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен қатар, жергілікті атқарушы билік өкілдері және заң қызметкерлері бар. Қабылдаулар ауыл тұрғындарының көтерген түйткілді мәселелерінің оңтайлы шешілуіне ықпал етуде.
Ақниет ауылдық округіне қарасты Дінмұхамед Қонаев және Әбілхайыр ауылдары тұрғындары үшін өткір тұрған бірнеше мәселелер бар. Округ орталығы саналатын Д.Қонаев ауылы тау баурайында орналасқан жері құнарлы мекен болғандықтан, ауыл тұрғындары егін және мал шаруашылығымен ертеден айналысады. Бүгінде, ауыл маңында мал жайылымдық жер мен егістік алқаптардың өрісі тарылған, ауыл тұрғындары кәсібін ары қарай дөңгелету үшін көптеп жер берілуін сұрайды. Сондай-ақ, ауылдың ішкі және кіре-беріс жолдарын жөндеу, ауыл жастарын жұмыспен қамту, қайтарымсыз несие, материалдық көмектер алу сияқты мәселелер айтылды.
Ал, Әбілхайыр ауылының халқы ауылға медициналық пункт салынып, таза ауыз су мен ауыл көшелеріне асфальт төселсе дейді.
Ауылда жастардың тұрақталуы үшін бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән беру қажет. Қайыңды ауылында ішкі жолдардың тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажет ететіндігін ауыл тұрғындары бірінші кезекте жеткізді. Сонымен қатар, ауыл жастарының спортпен шұғылдануы үшін спорт кешенін салу, кітапхана ғимаратын жаңалау, балабақша, ауыл саябағына қоршау жүргізу, электр бағандарын ауыстыру, жер телімін алу және газ кіргізу қажеттігі айтылды.
Мамай мен Сөгеті ауылының тұрғындары да өз ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету, ескі бастауыш мектебін күрделі жөндеуден өткізу, спорт кешенін салу, интернет байланысын жақсарту мен жер құжаттарын ресімдеу сынды мәселелерін айтты.
Қабылдауларда 90-нан аса ауыл тұрғындарының өтініштері тыңдалды. Көтерілген барлық мәселелер партия бақылауына алынды.
«Құлан таңы» ақпарат.