«AMANAT» ПАРТИЯСЫН АЛДА ҮЛКЕН БЕЛЕСТЕР КҮТІП ТҰР

508 Views

«AMANAT» партиясының кезектен тыс құрылтайы ел өміріндегі елеулі кезең, тарихи оқиға деуге болады. Партияның кезектен тыс XXIII съезінде Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер «AMANAT» партиясының заман тала­бына сай жаңара түсуіне жол ашаты­нына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев съезд деле­гат­­тарына мемлекет пен қоғамды түбе­гейлі жаңарту үдерісі басталғанын айт­ты. Президенттің пікірінше, «AMANAT» осы жүйелі өзгерістерге бел­­­сене атсалысып келеді. Сонымен қа­тар партияның қолға алынған рефор­ма­­ларға жан-жақты қолдау көр­сетіп, «Халық үніне құлақ асатын мем­ле­кет» тұжырымдамасын тиімді жү­зе­ге асыруға қосып жатқан үлесіне тоқ­талды.
Бүгінде «Жаңа Қазақстан» құру ба­ры­­сындағы ауқымды жұмыстардың атқа­­­рылып жатқандығы бәрімізге аян. Де­мек, осы бағыттағы жұмыстарды нә­­ти­­желі орындау үшін, ең алдымен, елі­міздегі көшбасшы партияның жұ­мысы жаңаруы керек.
Жалпы, «Жаңа Қазақстан» дегенді қазір халық «Әділетті Қазақстан» деп қа­был­­дап жатыр ғой. Президент партия құра­­мынан шығып, тізгінін халыққа тапсыр­ғандай болды. Өйткені, партия төрағалығына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді.
Ал Мәжілісте халықтың сайлаған өкілдері отыр. Сол себепті, «AMANAT» партиясын халықтың жайын ойлаған партия деп есептеймін. Аманат дегеннің өзі қасиетті сөз.
Мемлекет басшысы алдағы консти­ту­­циялық реформа аясында саяси ұйымға үлкен үміт артылып отырғанын ерекше атап өтті.
«Adal» партиясы «Amanat-қа» қосыл­ды. «Adal» партиясының құра­мын­да бел­сенді жастар көп. Сондықтан «Adal» пар­тиясының қосылуы «AMANAT»-тың жастар қанатының әлеуе­тін артты­рады», – деді А.Оралов. Ал «Adal» партиясының қосылуы «Жаңа Қазақстан­ды» құру жолындағы бірлескен әре­кетті күшейтеді. Бұл символикалық жа­ғынан ал­ғанда аманатқа адал болу деген мағы­наны білдіреді. Енді, екі пар­тияның қосылып қызмет ат­қаруы әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Ол енді біздің елімізде де жүзеге асуда. Тәуелсіз мемлекет екеніміздің бір көрсеткіші осы емес пе? Ал­дағы уақытта екі партияның біріккен жұ­мысы бұдан да нәтижелі болады деген сенімдемін.
Сонымен қатар, Президентіміз Кон­ституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитек­турасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағыт­талғанын айт­ты. Прези­денттің пі­кірінше, біз супер прези­денттік басқару түрінен түбе­гейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Пар­тиялық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыт­тың бірі. Партиялар мен сайлау ту­ралы заңнамаларды либера­лизациялау қоғамның рөлін күшейтеді. Бұл биліктің барлық деңгейінде қабыл­данатын шешімдеріне қатысты. Аза­маттардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.
Жиында Мемлекет басшысы жауап­ты әрі аса маңызды кезеңге қадам басқанымызға тоқталды. Президенттің айтуынша, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.
Бұл өзгерістерді дұрыс деп есептей­мін. Себебі, бізге «Жаңа Қазақстан» құру және жаңа лекке ілесу үшін жаңашылдық керек. Мұны бүкіл қоғам талап етіп отыр. Халқымызда «Аманатқа қиянат жоқ» деген нақыл бар. Жаңа бастамалар еліміздің болашағын, мемлекетіміздің тұтастығын келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы аманатымызға бағдар беретін болады деп сенемін.

Қанатбек Арыстанбеков,
«AMANAT» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының атқарушы хатшысы.

Поделиться ссылкой: