Тіл.Рух.Ой…

615 Views

Қазақстан Республикасының тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді менгерген халықтың үлесін 90,5 %- ға жеткізу көзделген. Бұл бағытта ауданда тиісті жұмыстар өз денгейінде атқарылып жатыр деуге толық негіз бар. Бүгінде өзге этнос өкілдері де қазақ тілінде сөйлеп, өз ойларын еркін жеткізе алатын халге жетті. Бұл деген тамаша емес пе? Біз бүгін тіл жанашыры Ғ.Шонатаеваның ой салар танымдық материалын сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Ана тілім. Қай кезде де ол қазақ даласының шалқар көгінде күмбез болып көтерілген, жауға қас батырдың тілімен рух болып аттандап, қыран құстай шүйілген, қазақ сахарасының ұлан-байтақ шетіне ән болып қалықтаған, күй болып домбыра пернесінен төгіліп, қозы қайырған баланың сыбызғысы болып сарнады, қобыз шанағында мұң болып жүректерді жылатты. Ол тағы да мыңдарды тебірентті,шарана сәбидің құлағына бесік жырымен ана әлдиі болып құйылды, бойжеткен арудың ыстық ұясын қимаған сыңсу әні болып естілді, туған еліне, ата-анасына деген асыл сезімі болып жүрек пернесінің көңіл-күйін шертті. Осының барлығында да ана тіліміздің рухы жатты. Ана тілім сағыныш сезімге толы әндер арқылы биік белеске шарықтады, туған жерімді сүюге, ардақтауға үйретті.
Бұл күнде ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін иеленіп, еліміздің Әнұраны болып шет жұрттар аспанында да самғады, алқалы жиындарда шешендердің толғамына айналды.Сондықтан да ана тіліміздің бұдан да зор мәртебеге жетуі үшін біз әлі де аянбай еңбек етуге тиіспіз. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс.
Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Ақиық ақын М.Мақатаев «Отан» атты өлеңінде:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем
Мен оның құдіретті үнін сүйем, – деп Отанды сүюдің, ана тілін сүюдің құдіретті биік сезім екендігін айтады.
Осыларды ой елегінен өткізе келе өз ана тілінде сөйлемейтіндерге айтарым:
Мейлі, сен көп тілді біл, «қой» демес ем!
Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.
Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын,
Туған ана тіліңде сөйлемесең, – деп ойымды аяқтағым келеді.

Ғалия Шонатаева,
аудандық «Тілдерді оқыту» бөлімшесінің міндетін уақытша атқарушы.

Поделиться ссылкой: